Samruk-Kazyna Construction түркиялық YDA GROUP компаниясымен бірлесіп ауданы 21 гектар болатын Астанадағы жер учаскесінде кешенді құрылыс жұмыстарын жүргізбекші. Қос тарап келіссөздерді бастап кетті.

Бүгін түрік компаниясының делегациясы елордаға жұмыс сапарымен келді. SK Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов YDA GROUP Директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арсланмен кездесіп, өзара ынтымақтастық мәселесін талқылады.

-Біз Акционерлік Қоғамға тиесілі 21 га жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыруды әзірлеп жатырмыз. Жобаны «қаланың ішіндегі қала» қағидаты бойынша іске асыру көзделіп отыр, ол бірегей болады және Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы орталыққа айналады, - деді SK Construction басшысы жобаны түрік инвесторларына таныстыра отырып.

Сөзінше, «қаланың ішіндегі қала» жобасы заманауи талаптарға сай келеді. Мұндай құрылыстың арқасында дүкендер, сауда және ойын-сауық орталықтары мен басқа да игіліктер кешен тұрғындары үшін қолжетімді болады.

- Бұл жобада бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалған. Егер жоба сәтті болса, біз оны елорда ғана емес, Алматы мен Шымкент сияқты ірі шаһарларда да жүзеге асырғымыз келеді. Менің ойымша, «қала ішіндегі қалалардың» арқасында біздің мегаполистер әлдеқайда ыңғайлы әрі ықшам болады, - деп қорытындылады Басқарма Төрағасы.

Жоба инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы уақытта YDA GROUP компаниясы қазақстандық әріптестермен бірге жұмыс тобын құрып, жобаның эскизін әзірлеуге кіріседі.

Түрік компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және нысанды сатып алу тетіктері арқылы «жайлы мектептердің» құрылысына қатысуға да ниет білдірді. Компания өз қаражатына жайлы оқу орындарын салуға дайын. Кейін мемлекет оны сатып алады.

Сондай-ақ, тараптар импорт алмастыру бойынша бірлескен жобаларды талқылады және бұл мәселеде толық түсіністік бар екенін мәлімдеді. Болашақта, тіпті, стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қоймақшы. Бұл құжат компанияларға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. SK Construction мамандары Түркияда білім алуға және құрылыс саласындағы ең заманауи технологияларды игеруге мүмкіндік алады. Түрік компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арсланның айтуынша, YDA GROUP-тың тұрғын үй құрылысындағы тәжірибесі орасан.

- Біздің Қазақстанда өз өндірісіміз бар, оған $50 млн астам инветиция құйдық. Металды құм арқылы өңдейтін және және сэндвич-панельдерді шығаратын зауыттарымыз бар. Біз Қазақстан өнеркәсібінің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, сондықтан сіздермен бірлесіп маңызды жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Біз үшін Samruk-Kazyna Construction сияқты компаниямен стратегиялық серіктестік орнату маңызды. Мен сізді Түркияға шақырып, жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларымызды көрсеткім келеді, - деді Хусейн Арслан кездесу соңында.

5 мамырда тараптар алдын ала кездесу өткізген болатын. Онда SK Construction өкілдері YDA GROUP компаниясының қызметімен танысып, өндірістік кәсіпорындарын аралды. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, түрік әріптестермен бірлесе жұмыс істеу перспективасы жоғары.

YDA компаниялар тобы 1954 жылы құрылды. Олар Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша көптеген маңызды нысандарды салды. Олардың қатарында көпсалалы ауруханалар, жоғары технологиялық ғимараттар, өнеркәсіптік құрылыстар, цемент зауыттары, жолдар, көпірлер, сондай-ақ тұрғын үй кешендері, бизнес-орталықтар мен ойын-сауық орталықтары бар. 10 бағытта жұмыс істейтін YDA GROUP әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Компания өзін Қазақстанда ғана емес, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Молдова сияқты елдерде де жұмыс істейді.

Төрағасының блогы