«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біз отандық оқушылар мен мұғалімдер қандай мектепте білім алып, жұмыс істегісі келетінін анықтауға тырыстық. Ол үшін шағын эссе жазуды өтіндік. Ұстаздар мен оқушылар «Сіздің арманыңыздағы мектеп қандай болуы керек?»,-деген сұраққа жауап берді.

ЦИФРЛЫҚ ОРТА

Мұғалімдер де, оқушылар да әрбір заманауи мектепте компьютерлер, мультимедиалық тақталар және планшеттер міндетті түрде болуы тиіс деп санайды. Сондай-ақ, көбі цифрлық кітапхана, жылдамдығы 100 Мбит/сек кем болмайтын қолжетімді интернет, виртуалды сыныптар, электрондық оқулықтар, робототехника сыныптары мен 3D-принтерлерді қалайтынын жазған. Оқушылардың пікірінше, қазіргі заманғы білім ордалары Google, Яндекс сияқты алпауыт IT-компаниялардың кеңсесіне ұқсас болуы керек.

Тағы бір маңызды ұсыныс: әр мектепте кез-келген уақытта оқуды онлайн форматқа көшіре алатындай мүмкіндік болуы тиіс. Ол үшін, әрине, сыныптарды сапалы веб-камералармен жабдықтау қажет.

ҚАУІПСІЗДІК

Мектептердегі қауіпсіздік мәселесі, әсіресе, Петропавлдағы жаға ұстарлық оқиғадан кейін қызу талқылана бастады. Жай ғана бейнебақылау, дабыл түймесі және егде жастағы вахтер қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмайтынын түсіндік. Осы орайда оқушылар мен мұғалімдер тарапынан бірнеше қызықты ұсыныс түсті:

- мектепке кіргенде әр оқушыға GPS-білезік тағу;

- оқ өткізбейтін терезелер мен есіктер орнату;

- шабуыл қаупі кезінде есіктерді автоматты түрде құлыптау жүйесі;

- өртке қарсы замануи дабыл жүйесі;

- СКУД-жүйе.

Соңғысы турникеттер мен жеке СКУД-карталар арқылы мектеп ғимаратына кіріп-шығуды бақылауға мүмкіндік береді.

ЖИҺАЗ ЖӘНЕ ЖЕКЕ КЕҢІСТІК

Эссе авторларының мектептердегі жиһазға қатысты ұсыныс-тілектері аз болмады. Сөздерінше бәрі әдемі, жинақы әрі ыңғайлы болуы тиіс. Қазіргідей ДСП-дан жасалған парталар мен орындықтардың дәуірі өтті дейді. Орнына биіктігі реттелетін, экологиялық таза материалдан жасалған және бір ғана оқушыға шақталған парталарды қалайды.

 «Ақылды парталар» орнату туралы да ұсыныстар болды. Бұл планшет, сымсыз зарядтағыш пен розеткасы бар, интернетке қосылатын интерактивті трансформер-үстел. Ортопедиялық орындықтарды қалайтындар да аз емес.  «Берік материалдан жасалған, ыңғайлы және дөңгелектері бар жұмсақ орындықтар болғанын қалаймын», - деп жазды оқушылардың бірі.  Өйткені бала күннің жартысын мектепте, сыныпта өткізеді, сондықтан ыңғайсыз парта мен орындық оның арқасы мен омыртқасына зақым келуі мүмкін.

Қазіргі оқушылардың тағы бір арманы – тура америкалық фильмдердегідей жеке заттарға арналған шағын шкаф болса. Оқушылар өз эсселерінде саусақ ізі немесе Face ID арқылы ашуға болатын шкафтар туралы жиі жазды. Олар білім саласындағы маңызды мәселелердің бірін шешуге сеп болмақ – балалар күн сайын ауыр сөмке тасу азабынан құтылады.

Ал мұғалімдер, негізінен, ыңғайлы әдістемелік кабинетті қалайды. Ұстаздар бөлмесінде сабақ кестесінің электронды тақтасы, ас үй  мен демалыс аймағы, мұғалімдерге арналған шкафтар мен жеке ноутбук-планшеттер болса деген ұсыныс-тілектерін білдірді.

ҚОСЫМША БІЛІМ ЖӘНЕ БОС УАҚЫТ ӨТКІЗУ

Оқушылардың пікірінше, қосымша білім беру мәселесінде таңдау құқығы болғаны маңызды. Концерт залы, галерея және театр әр мектепте болуы керек. Одан бөлек, әр оқушы сабақтан тыс уақытта қалаған үйірмесіне баратындай жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан, заманауи мектептерде ағаш шеберханасы, шағын наубайхана мен тігін шеберханасын жабдықтау туралы ұсыныстар болды. Енді бірі ХХІ ғасыр мектебінде жылжымалы төбесі мен телескопы бар обсерватория міндетті түрде болуы керек деген пікірде. Сондай-ақ, сабақтан кейін демалып, «миды тынықтыру» үшін релаксация бөлмесі мен кинозал жасау идеясы да қызығушылық тудырады.

Отандық мұғалімдер мен оқушылардың пікірінше, заманауи мектеп осындай болуы керек. Айта кетейік, ел бойынша барлығы 2515 эссе келіп түсті, оның 650 мұғалімдер, қалғанын мектеп оқушылары жолдаған. Болашақ жайлы мектептерді жобалау барысында  олардың ұсыныс-тілектері ескерілетін болады.

Төрағасының блогы