20 қаңтарда Ақтау қаласының 17-ықшамауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, білім саласының ардагерлері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және ата-аналар қатысты. Ардагер ұстаздар білім сапасының ел болашағын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

Жалпы ауданы 10 400 шаршы метрді құрайтын білім ошағы 900 орынға арналған. Қазіргі уақытта мұнда екі ауысымда 1908 оқушы білім алуда. Оларға 143 мұғалім дәріс береді.

Мектептің заманауи жабдықтары 53 мамандандырылған пән кабинетін, STEM-зертханаларды, қыш өнері, визуалды дизайн және хореография сыныптарын қамтиды. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды қолдау үшін сенсорлық бөлме, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері қарастырылған.

Ұлттық жоба аясында 2025 жылы Маңғыстау облысында бір ауысымда 12600 балаға шақталған 13 жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта оның ішінде 4500 орындық төрт мектеп пайдалануға берілді. Олар Ақтау қаласының 17, 19 және 33-ықшамаудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Хазар ықшамауданында орналасқан.

Дереккөз: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Төрағасының блогы