Бүгін Астанада Болат Жәмішевтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында Қоғамдық кеңес өкілдері, мемлекеттік мекемелердің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, ассоциациялар, сарапшылар мен қоғам белсенділері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын талқылады.


Үш жылда 401 мектеп

Ұлттық жобада көрсетілген жоспарда 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Бұл заманға сай мектептер 842.000 оқушы қабылдай алады, осылайша үшінші ауысымнан толығымен құтылуға мүмкіндік береді. Мектептер республикамыздағы қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Жобаның жалпы бюджеті 2,6 трлн теңгені құрайды. Ұлттық жоба құрылысының дирекциясы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы. Ол құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынып жатқанын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуіне жауапты. Компания құрылыстың егжей-тегжей жоспарын дайындап қойды. Мектептер негізінен қазіргі кезде мектепке тапшылық бар аймақтарда салынады. Олар: Алматы (63), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) мен Алматы (22) қалалары. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша бірдей салынады.


Құрылысқа қатаң талап

Samruk-Kazyna Construction өкілдерінің айтуынша, мердігерлерге қатаң талаптар қойылады. Жобаларды бағалау кезінде Қазақстандағы қолданыстағы стандарттар, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста қазақстандық өндіріс материалдарын пайдалану керек. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орындық деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер болады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзив білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық қазақы нақышта жасалуы тиіс.


Іріктеу ашықтығы және қоғамдық бақылау

Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Samruk-Kazyna Construction процедуралар ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөледі. Бүгін, яғни 2023 жылғы 10 ақпанда Samruk-Kazyna Construction-ның https://skcn.qaz.network/ жаңа онлайн платформасында жобалау мен мектепті толықтай салып, жөндеу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді таңдаудың байқау құжаттарын алдын ала талқылау басталды. Кез келген азамат құжаттарды қарап, өз ұсынысы мен ескертуін білдіре алады. Биыл 20 ақпанда ашық ресурстарда байқау туралы хабарландыру жариялау жоспарланып отыр. Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу Samruk-Kazyna Construction–ның сатып алу бойынша онлайн платформасында жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына Samruk-Kazyna Construction компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесі мен Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары да кіреді. Құрылыс кезінде бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейді. Ақпараттық жүйе алғаш рет ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Бұл электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармалары, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары мен басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақытылы шешіп отырады.

 

Сарапшылардың және қоғамның пікірі

«Жайлы мектеп» жобасын талқылауға арналған Қоғамдық кеңес отырысы сарапшылар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің назарын аудартты. Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкина ауылдарда нақты неше мектеп салынатынын сұрады. SK Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов ауылдарда 183 мектеп салынатынын мәлімдеді. Бұл барлық мектептің 46%-ын құрайды. «Қазақстан жиһаз ұсталары гильдиясының» мүшесі Игорь Проценко жаңа мектептерге қажет жиһаздың Қазақстандағы барлық өндірушінің жылдық жұмысынан үш есе көп екенін алға тартады. Сондықтан жиһаз жасауды қазірден бастау керек. SK Construction өкілдері ұсталармен жақын арада келісіп, олар жұмысқа тез арада кірісу үшін қажет талаптарды бекітуге дайын екенін хабарлады.


«Көптеген сұрақ әлі тек талқыланып қана жатыр. Дегенмен сең қозғалып, бір-бірімізбен келісу үшін мәселені кешікпей көтергеннің өзі пайдалы. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Қазақстанда мектеп құрылысына қатысты жаңа талаптар қалыптастырамыз. Құрылыс барысын онлайн бақылау электронды жүйесін әзірлеп жатқанын білу әсіресе қуантты. Қоғамдық бақылау - қашан да жақсы. Жобаның іске асырылуын жіті бақылаймыз, қажет болса, Қоғамдық кеңесті қайта жинаймыз», - деп түйіндеді Болат Жәмішев.


Дереккөз: https://sk.kz/press-center/news/76700/?lang=kz

 

Төрағасының блогы