Жексенбі күні таңертең СҚО-да сынап бағанасы -21 С° көрсетті. Солтүстіктің сарышұнақ аязға қарамастан Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов өңірде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру барысымен танысу үшін Петропавлға келді. Басқарма Төрағасы барлық 4 болашақ жайлы мектептің құрылыс учаскелерін аралады.

     «Орман» шағын ауданында 600 оқушыға арналған жайлы мектеп салынуда. Мердігер – «ASTI» ЖШС. Білім ошағының ЖСҚ әзірленді және Айманбетовтың тапсырмасы бойынша дүйсенбі күні «Мемсараптама» РМК порталына жүктеледі. Құрылыс барысымен танысу кезінде бір мәселенің беті ашылды: спорт нысандарын орналастыру үшін аумаққа жақын орналасқан кәріз-сорғы станциясын бұзу қажет екендігі анықталды. Мәулен Айманбетов жергілікті биліктен жаңа КСС салып, оған қосымша бюджет қаражатын жұмсамау үшін жақын маңдағы басқа жер учаскесін қосу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

     «Береке» шағын ауданындағы екінші мектеп те 600 орынға шақталған. Оны «Единство» ЖШС салуда. Айманбетов мердігерге жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Жалпы, құрылыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, көлік тұрақтарымен қамтамасыз етуге  қатысты кемшілік бар. Samruk-Kazyna Construction басшысы кез келген жайлы мектеп төрт жақтан еркін кіреберіспен және кең автотұрақпен қамтамасыз етілуі тиіс екенін еске салып, әкімдік өкілдерінен бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді сұрады.

     Жоғарыда айтылғандай, ұлттық жобаны іске асырудың екінші кезеңінде Петропавлда тағы 2 мектеп салынады. Құрылысқа бөлінген жер учаскелерінде жеке және көппәтерлі тұрғын үйлер орналасқан. Бүгінгі таңда жер телімдерін мемлекет меншігіне алу және аумақтағы үйлер мен басқа да нысандарды сүру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, 600 орындық жайлы мектеп салынатын «Қапай» шағын ауданында бұл жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл мектеп 2025 жылы тапсырылатын нысандардың қатарында.

«Барлығы 15 жер учаскесі және 2 көппәтерлі тұрғын үй мемлекеттік меншікке алынады. Бүгінгі таңда 13 учаске, 13 пәтер сатып алынды. Жұмыстар 29 ақпанға дейін аяқталады», - деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

     Ал «Жас Өркен» шағын ауданында мектеп салу үшін 79 учаске алынуы керек. Аумақтардың жартысынан көбі мемлекеттік меншікке қайтарылған, 15 ғимарат бұзылды. Қалған учаскелерде келісу рәсімдері жүргізілуде. Мәулен Айманбетов бірінші кезекте мектеп ғимараты тікелей орналасатын аумақты босату қажеттігін ерекше атап өтті.

     Жер учаскелері мен құрылыс алаңдарын аралағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Samruk-Kazyna Construction басшысы және өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Барлық өзекті мәселелер, соның ішінде мектептерді сыртқы инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселесі талқылады. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар жауапты, алайда құбырларды тартатын мердігерлерді анықтау үшін стандартты мемлекеттік сатып алу процессі бірнеше айға созылады.

«Біз бұл мәселенің шешімін таптық. «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша барлық сатып алуды бір көзден жүргізуге болады. Яғни, мемлекеттік сатып алу туралы Заң ұлттық жобаға қатысты қолданылмайды. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мердігерлерді бір көзден анықтап, олармен азаматтық-құқықтық шарт жасасып, құжаттарды қазынашылық органдарында тіркесе жеткілікті. Бұл уақытты үнемдеуге және барлық инженерлік инфрақұрылымды уақтылы тартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Samruk-Kazyna Construction басшысы.

     Болашақ жайлы мектептердің сыртқы көрінісі де талқыланды. СҚО-да нысандардың қасбеті отандық кірпішпен қапталатын болады. «Единство» ЖШС директоры Кирилл Кондратов Ресейдегі Челябі зауытынан кірпіш сатып алу мүмкіндігін қарастыруға бола ма деп сұрады.

«Импортты материалдарды қолдануға болмайды, құрылыста тек Қазақстанда өндірілген материалдар пайдаланылуға тиіс. Біз отандық өндірушілерді қолдауымыз керек, зауыттар жеткілікті. Бұл мәселе бұдан былай талқыланбайды», - деп жауап берді Айманбетов.

     Жиын барысында мердігер ұйымдардың басшылары мектептердің құрылысын тежейтін күрделі мәселелер жоқ деп сендірді. Облыс әкімі ең алдымен құрылыстың сапасы мен мерзіміне басымдық берілетінін атап өтті.

«Ұлттық жоба белсенді сатыға өтті,  сондықтан жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар! Бұл мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба. Кейбір өңірлерде 10-50 мектеп салынуда. Егер біз 4 мектепті сала алмасақ, ұят болады», - деді Нұрмұхамбетов мердігерлерге.

     Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының бекітілген кестесін қатаң сақтауға шақырды. Мердігер кестеден артта қалып қойса, бұл мектептердің сапасыз салынып, кеш тапсырылуына әкеп соғуы мүмкін. Айманбетов пен Нұрмұхамбетов мердігерлерді жұмысты 3 ауысымда ұйымдастыруға шақырды.

     Жиында жайлы мектептерді жиһазбен жабдықтау мәселелері де сөз болды. Айманбетовтың айтуынша, барлық жиһаз өнімдері облыстық білім басқармасымен келісілуі тиіс. Сонымен қатар, болашақ мектептердің әкімшілігі мен штатын қазірден құру қажет. Болашақ директор әрлеу және жабдықтаужұмыстарының басы-қасында жүруі тиіс.

     СҚО басшысы өңірде ұлттық жобаны іске асыру барысын жеке бақылауда ұстайтынын айтты. Айманбетов өз кезегінде өңір және қала әкімдіктеріне жүйелі жұмысы мен белсенділігі үшін алғысын білдірді.

     Ұлттық жоба аясында СҚО-да жаңа форматтағы 4 мектеп салу жоспарланған. Олардың барлығы облыс орталығы Петропавл қаласында орналаспақ. «Орман» және «Береке» шағын аудандарында салынып жатқан 2 білім ошағы осы оқу жылында есігін айқара ашады, ал «Қапай» және «Жас Өркен» шағын аудандарындағы 2 мектеп 2025 жылы тапсырылады.

     Әрі қарай Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Ақмола облысына жолға шықпақ. Ертең 12 ақпанда Көкшетауда өңір әкімі Марат Ахметжановпен осындай кездесу өткізу жоспарланған.

 

Төрағасының блогы