Кестеден қалып жатқан жайлы мектеп мердігерлерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті
Бүгінде ел бойынша пилоттық жоба аясында 217 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 208 білім ошағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша тұрғызылуда. 98 нысанды ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қолданысқа тапсыру көзделген. Қалғандары 2024 жылдың соңына дейін есігін айқара ашуы тиіс. Бұл мектептерге артылған жүктемені едәуір азайтпақ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – апаттық мектептер, үшауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу. Алайда, жобаның мән-маңызын болашақ білім ошақтарының мердігерлерінің бәрі бірдей түсінбейтін сияқты. Мамырдың 14-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы бекітілген өндірістік жұмыс кестесінен қалып келе жатқан құрылыс компанияларының қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді. «Мектептердің қолданысқа тапсырылуын келесі жылға қалдыруға мүлдем болмайды. Себебі, әңгіме оқушылардың жайлы жағдайда сапалы білім алуы турасында»,- деп атап өтті Мәулен Айманбетов.
Мәселен, Қызылорда облысында ұлттық жобаның бірінші кезеңінде 10 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде оның үшеуі бойынша шаруа сылбыр жүргізілуде. Нысан мердігерлері «АБУ-СЕР», «Техоснастка-Ремсервис» және «Асар» серіктестіктеріне жағдайды түзетуге бір апталық мерзім берілді.
Апаттық мектептердің мәселесін біржақты ететін білім ошақтарын уақытында салып, жабдықтандырып, халық игілігіне тапсыру – аса маңызды. Мұндай жауапты тапсырма "Antarium Group" және "Ка Grupo" серіктестіктеріне жүктелген. Компаниялар Ақтөбе облысына қарасты Шұбарқұдық пен Бозой елді мекендерінде бір кезекте сыйымдылығы 600 және 300 орынды құрайтын білім беру ұйымдарының құрылысын жүргізуде. Тізімде Абай облысына қарасты Ақсуат ауылы да бар. Мұнда 300 орындық жайлы мектеп бой көтеріп жатыр. Мердігер - «Альтаир-Ск7» ЖШС. Алайда, нысанды тұрғызу жылдамдығы мүлдем көңіл көншітпейді.
Батыс Қазақстан облысындағы Пугачев ауылындағы жағдай да осыған ұқсас. Алайда, ахуал су тасқынына байланысты шиеленіскен. Нысанда басқан су енді кетіп жатыр. Кейін техникалық зерттеу жүргізіп, қажет болған жағдайда жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілуі тиіс. Мердігер "Жайык Сити" ЖШС процесті удетіп, жұмысқа білек сыбана кірісуге дайын отыр.
Кездесу барысында Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов консорциум жетекшілерінің назарын ұлттық жобаны уақытылы тапсырудың маңыздылығына аударды. Бұл ретте құрылыс сапасына зиян келмеуі тиіс. Жалпы кеңейтілген жиынға 40-тан аса жайлы мектептің мердігерлері қатысты. Samruk-Kazyna Construction басшысы құрылыс компанияларына алаңдағы шаруаны күшейтуді тапсырды. Бір аптаға берілген өндірістік жұмыс кестесіндегі іс атқарылмаса, адамдар мен техника саны бекітілген межеден аз болса, әңгіме басқа болмақ. Өзгерістер динамикасын бақылау Қоғамның өңірлік өкілдеріне жүктелді.