«Samruk-Kazyna Construction» ынтымақтастыққа ашық
Жақында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы Мәулен Айманбетов және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау бойынша бірлесе жұмыс істеуге бағытталған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ дайын мектептерді тапсыруға жауапты бірыңғай дирекция ретінде өз қызметінде ашықтыққа ұмтылады және ынтымақтастыққа дайын. Алайда, меморандумға қол қою туралы жаңалық кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұзушылық фактісі анықталып, тексеріс басталды деп қабылданған. Бұл шындыққа жанаспайды.
Аталған меморандум – ортақ мақсат пен мүдденің нәтижесі, өйткені қаражаттың мақсатты пайдаланылуы, ұрлық пен сыбайлас жемқорлық қылмыстарына, сондай-ақ мектептердің құнын жасанды түрде арттыру фактілеріне жол бермеу Агенттік үшін де, «Samruk-Kazyna Construction» үшін де басым міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан тараптар осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге және бір-біріне толық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
ҚМА басшылығымен өткен жиын барысында «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов ұлттық жобаны іске асыру мәртебесі және жоғарыда аталған бұзушылықтарды болдырмау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Бірінші және ең маңызды шара – цифрландыру. Бұл мәселеде «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі уақыттың ғана емес, заңнаманың да талабы болып табылады. Сондықтан, 2024 жылғы 13 мамырда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының құжат айналымы толығымен электрондық форматқа ауыстырылды.
Ақпан айынан бастап компанияда алғашқы актілерді қағаз түрінде қабылдауға мүмкіндік болғанымен, электрондық құжат айналымына толық көшу мақсаты қойылды. Ол үшін шамамен 3 ай уақыт жұмсалса да, мақсатқа қол жеткізілді.
Ақпараттық жүйеде барлық процестер цифрландырылған. Сондықтан жобадан ауытқуға, орындалмаған жұмыстарды қабылдауға жол берілмейді. Атқарылған жұмыстардың актілері толтырылған жұмыс журналдарының, жасырын жұмыстар актілерінің, фотоматериалдардың және жүйеге жүктелген басқа да маңызды құжаттардың негізінде автоматты түрде жасақталады. Қандай да бір құжат болмаған жағдайда акт жасалмайды және оған қол қойылмайды. Қол қою тек ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлық пен «бейресми қарым-қатынас» қаупін азайтады.
«Құрылыс саласында «Samruk-Kazyna Construction» елімізде бірінші болып «Е-Qurylys» жүйесіне көшті. Егер қағаз актілерге қол қою мерзімі 5-7 күн болса, жүйеде небәрі 1-3 күнге жалғасады. Бүгінгі таңда порталдың жұмысына қатысты барлық проблемалық мәселелер толығымен шешілді. «E-Qurylys» қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Ақпараттық жүйеде жұмыс істеуге ниет білдірген мердігер ұйымдар тез үйреніп, атқарылған жұмыстардың электрондық актілерін кезек-кезеңмен жауып жатыр», - деп атап өтті Айманбетов.
Ең бастысы, электрондық форматтағы барлық құжаттама ел басшылығы мен уәкілетті органдарға толықтай қолжетімді. Қадағалау органдары кез келген уақытта жүйеге кіріп, қажетті құжаттарды тексере алады. Бұл, ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Жоба «пилоттық» деген мәртебеге ие болғандықтан, болашақта тек жайлы мектептердің ғана емес, басқа да әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе сынақтан өтуде.
Сонымен қатар, өткен жылдың күзінде жайлы мектептердің ЖСҚ тексеру барысында «Samruk-Kazyna Construction» мамандары сметалық бағаларды 1,3–2 есеге қасақана қымбаттату жағдайларын анықтады. Мұның себебі – жобалаушы ұйымдардағы мамандардың төмен кәсіби деңгейі және мердігерлер тарапынан артық пайда табуға деген құлшыныс.
2023 жылдың күзінде барлық жобалар ірілендірілген сметалық нормативтерге сәйкестендірілді, яғни шығындарды оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Бұған да бірнеше ай жұмсауға тура келді. Алайда, мектептердің сметалық құнын ірілендірілген сметалық нормативтерге сәйкес келтіру бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Мемсараптама» РМК бірлесіп, 100 жобаны тексеру және талдау кезінде мектептердің құнын 16,5%-ға қымбаттатуға жол бермеді. Осылайша шамамен 100 млрд теңге бюджет қаржысы үнемделді. Дирекция және мемлекеттік сараптама мамандарының арқасында қазынаға түсетін әлеуетті қаржылай жүктеме 900 млрд теңгеден 446 млрд теңгеге дейін төмендеді.
«Жобаларға қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері барынша салынуда. Инертті және құрылыс материалдарының басым бөлігі отандық өндірушілерден алынып жатыр. Шатыр жабындылары және қасбетті қаптау материалдары да толығымен қазақстандық өнім. Бұл ретте жайлы мектептер салу үшін қажетті материалдар мен тауарлар шығаратын сол өңірдің жергілікті зауыттары мен фабрикаларына басымдық беріледі. Осылайша, бүгінгі таңда Ұлттық жобада отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану үлесі орта есеппен 70% болды», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы.
ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында орта білім беру сапасын арттыруға және өскелең ұрпақты оқыту мен жан-жақты дамыту үшін лайықты жағдайлар жасауға ерекше назар аударғанын атап өтті. Сондықтан тараптар ашықтық пен бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысқа сақадай сай.