Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, оқу-ағарту саласының ардагерлері, ұстаздар мен ата-аналар, мектеп оқушылары қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ордасы есігін айқара ашып отыр. Жаңа оқу жылында дәл осындай білім беру нысаны Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында пайдалануға берілді. Ұлттық жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге бағытталған. Біздің мақсат — балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру»,- деді облыс әкімі.

Жаңа білім ошағы Бәйтерек (13) шағын ауданында орналасқан. Оқу ұясына бүгінде 1485 бала қабылданған. Мектепте жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталған. Бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған.

Айта кетейік, білім ұясы 1200 балаға шақталған. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталып отыр. Ғимаратта интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинеті, асхана, 2 спорт зал, 2 компьютер, 3 зертханалық кабинет, жайлы кітапханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталықтар қарастырылған.

Бұдан бөлек, балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша «Integra Construction KZ» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастап, ағымдағы оқу жылының екінші тоқсанында тапсырылып отыр

1200 орындық жайлы мектеп – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобаның Тараз қаласындағы алғашқы жемісі. Облыс орталығында бүгінде тағы 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Білім ошақтары қолданысқа тапсырылымен шаһардағы оқушы орындарының саны бір кезекте 4200-ге артпақ.

Төрағасының блогы