Орал қаласындағы жайлы мектеп қолданысқа тапсырылуға дайын. Заманауи білім ошағы Деркөл кентінде бой көтерді. Бір кезекте 1500 оқушыға шақталған нысанның бас мердігері - ТОО «KazConstructionGroup». Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Қазір ғимаратты әкімдік балансына өткізу процессі жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы орган өкілдері жайлы мектепті Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты түрде ашуға ниетті.

3 қабатты мектептің аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Нысанның оң қанатында 0-4 сынып, ал сол қанатында орта және жоғары буын оқушылары білім алады. Оқу ұясының жобалық қуаттылығы жоғары болғандықтан, мұнда 4 спорт зал қарастырылған. Оның екеуі бастауыш сыныптардың, тағы екеуі үлкендердің блогында орын тепті. Бұл ұл-қыздардың барынша жайлы атмосферада білім алуы үшін жасалып отыр.

Ал білім ошағының орталық блогында 324 орынға шақталған акт залы, музыка кабинеті, хореография залы мен асхана орналасқан. Соңғысы да балалардың жас ерекшелігіне байланыс аймақтарға бөлінген. Жайлы мектептерде оқушыларды жеке кеңістікпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Мәселен, бос уақыттарын білім алушылар коворкинг аймақтарда, заманауи кітапхананың оқу залында, ал жылы күндері аулада өткізе алады.

Мектептің жер учаскесі 3 гектарды құрайды. Мұнда футбол, баскетбол, волейбол алаңынан бөлек, воркаут және ұлттық ойындардың аймағы бар. Бастауыш сынып оқушылары үшін бірнеше ойын алаңқайы қарастырылған.

Қысқасы жайлы мектеп оқушылардың терең білім алып, ғылыми жұмыспен айналысып, спорт және шығармашылықпен шұғылдануына барынша жағдай жасап отыр. Бастысы аталған бағыттарды қатар алып жүру үшін бұрынғыдай қаланың бір шетінен екінші шетіне барудың қажеті жоқ. Мол мүмкіндіктерді білім ошағы бір жерде тоғыстырып отыр. Заманауи, кең, әр шаршы метрі тиімді ұйымдастырылған, дизайны көз тартар оқу ұясына келуге балалар асық. Ұстаздар қауымы да кабинеттердегі техникалық жабдық сабақтарды қызықты форматта өткізіп, кітап беттеріндегі тәжірибелерді іс жүзінде көрсетуге сеп болатынын атап өтті.

 

Төрағасының блогы