Тараз қаласында кезекті заманауи жайлы мектеп ашылуға дайын
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орындық білім ошағы балаларды қабылдауға дайын.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС құрылыс жұмыстарын 14 айда толықтай аяқтап, нысанды жабдықтап бітірді. Мектептің ашылуы 2024 жылдың 22 қарашасына жоспарланған.
Жаңа «Ұлы дала» 15-ші шағын ауданында орналасқан мектеп заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы — 12,7 мың м².
Мектепте бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған. 70 оқу кабинеті, интерактивті тақталар, 231 орындық асхана, 246 орындық акт залы, 2 спорт залы, 2 лингафонды компьютерлік сынып, заманауи STEM зертханалары, робототехника кабинеттері, хореография залы, демалыс және коворкинг аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ, қосымша білім беру сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер бар. Оқушылардың заттары мен оқулықтарын сақтауға арналған арнайы шкафтар орнатылған.
Мектеп толық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін лифт, пандустар, арнайы кең дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеттері бар.
Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде ашылған үшінші оқу ошағы болмақ. Бүгінге дейін Жамбыл облысында екі жайлы мектеп пайдалануға берілді: біріншісі Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 600 орындық мектеп болса, екіншісі - Тараз қаласының 13-ші шағын ауданында бой көтерген 1200 орындық мектеп.