Қарағанды қаласының Гүлдер шағын ауданында жаңа жайлы мектеп ашылуға дайын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған бұл білім ордасы бір ауысымда 300 оқушыны қабылдай алады.

Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған жəне оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Білім ордасында орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылған бейнебақылау камералары орнатылған. Бастауыш жəне жоғары сыныптар үшін жеке блоктар қарастырылған, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған.
Мектеп аумағы толықтай абаттандырылған: мұнда жүгіру, баскетбол, волейбол, футбол алаңдары мен ойын алаңдары бар.

Ғимаратта жоғары жəне бастауыш сынып оқушыларына арналған екі спорт залы, асханалар, 260 адамға арналған акт залы, кітапхана, медициналық кабинет, заманауи сыныптар, химия мен физика пəндеріне арналған STEM- зертханалар орналасқан. Сонымен қатар, оқушылармен психологтар мен логопед мамандары жұмыс істейді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында жалпы саны 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл заманауи форматтағы мектептер бір ауысымда 7100 балаға білім беруге есептелген. Білім беру саласындағы пилоттық жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Мектептердің құрылысын басқару бойынша бірыңғай дирекция ретінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы жауапты.

Төрағасының блогы