Дербісекте жаңа жайлы мектеп ашылды
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Дербісек ауылында ұлттық жоба аясында бой көтерген жаңа заманауи мектеп ел игілігіне берілді. 900 оқушыға арналған бұл білім ордасын «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС салды.
Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, ауыл тұрғындарына құттықтау сөзін арнады. Өз сөзінде ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аймақтағы орта білім беру мәселелерін шешудегі маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда Дербісек ауылында халық саны 18 400 адамға жетіп отыр. Ауыл тұрғындарының саны өскен сайын білім беру мекемелерінде орын тапшылығы туындаған. Сол себепті жаңа мектептің құрылысы аса қажет болды. Жоба нормативтегі 20 айға жоспарланса да, құрылыс 18 айда аяқталып, нысан мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Бұл – Түркістан өңіріндегі 900 орындық екінші мектеп.
Жаңа жайлы мектептің аумағы 9700 шаршы метрден асады. Үш қабатты ғимаратта 40-қа жуық кабинет, екі кіші спорт залы және бір үлкен спорт залы бар. Сонымен қатар, робототехника кабинеті, STEM-зертхана және хореография залы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мектептің физика, химия және биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл пәндерді терең зерттеуге және теорияны тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік береді. Ұстаздар қауымы мектептің жабдықталуына жоғары баға берді.