Шымкент қаласында үш жайлы мектеп оқушыларын қабылдауға дайын
Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 бірдей білім ошағы сақадай сай дайын. Оқу ұяларының екеуі бір кезекте 2000, үшіншісі 1200 орынға шақталған. Нысандар халық саны артып келе жатқан, мектеп мәселесі өзекті шағын аудандарда бой көтерді. Жайлы мектептердің әзірлігімен шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков танысып, құрылыс пен жабдықталу деңгейіне жоғары бағасын берді.
«Нұртас» ықшам ауданында 3 бірдей мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда, жүктемелері күн санап артуда. Халық саны тығыз орналасқан қаланың бұл бөлігі жаңа оқу ұясына қатты мұқтаж болған екен. Тұрғындардың арманы орындалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 2000 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінде өз оқушыларын қабылдауға сақадай сай дайын. Оқу процессі қаңтар айынан басталады деп жоспарланған. Бүгінде 1500 жеткіншек білім алуға ниет білдірген, құжаттарды қабылдау жалғасуда.
Жайлы мектептер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба апаттық, үшауысымды білім ошақтарының мәселесін шешіп, орын тапшылығын біржақты етуге бағытталған. Ерекше көңіл оқу ұяларын жобалау, салу мен жабдықтауға бөлінді. Міндетпен бірыңғай дирекция ретінде бекітілген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ айналысып жатыр. Ағымдағы нәтиже – көз қуантарлық.
Үшінші тоқсаннан су жаңа мектептің табалдырығын «Нұршуақ» шағын ауданының балалары да аттамақ. Қаланың осы бөлігінде ұлттық жоба аясында екінші 2000 орындық жайлы мектеп есігін айқара ашып жатыр. Біреуі халық игілігіне қыркүйектің бірінде тапсырылса, екіншісі бүгін қолданысқа енгізілді. Қос нысан мердігері – «Ontustik Construction» серіктестігі.
Көз тартар дизайн, кең дәліздер, үлкен оқу сыныптары мен соңғы заман талабына сай жабдықталған зертханалар, робототехника кабинеті. Аталғанның бәрі енді «Тұран-2» шағын ауданының ұл-қыздары үшін қолжетімді. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі бірдей нысан бой көтеріп жатыр. Әрқайсысы бір кезекте 1200 орынға шақталған нысанды «А.Р.Т. - Құрылыс» серіктестігі салды.
Жалпы мегаполисте ел Президентінің бастамасы аясында 12 білім ошағының құрылысы жоспарланған. Бүгінде 5 мектеп қолданысқа енгізіліп, тағы 6 жыл соңына дейін есігін айқара ашады. 1500 орынға арналған бір мектеп 2025-те халық игілігіне беріледі деп көзделген. Осылайша ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 17300 оқушы орны ашылмақ.