Сөз Алматы қаласының №164 мектебі турасында. Жалпы білім  беретін ұйым бұрынғы балабақшаның ғимаратында орналасқан болатын. Екіқабатты нысандағы кабинеттер өте тар, бір сыныпта тек 18-20 оқушы отыра алады.  Бұл 900-ге жуық бала үшін айтарлықтай ыңғайсыздық туғызған болатын. Мектептің тығыздығынан бөлек, жабдықталу деңгейі де төмен еді.

Мәселе «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешілді. Үлкен кабинеттер, кең дәліздер, арнайы зертханалық сыныптар, бірнеше спортзал, 432 орынға арналған акт залы – арман болған білім ошағы оқушылар үшін шындыққа айналды. Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Қарасу шағын ауданында бой көтерген жайлы мектеп бір кезекте 2000 балаға арналған. Мұнда №164 мектептен бөлек, жақын маңда орналасқан оқу ұяларынан да ұл-қыздар ауысуда. Бұдан бөлек, шағын ауданда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондықтан, жайлы мектептің әлеуеті өте зор.

Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешкен тағы бір мектептің таспасы Самғау ықшам ауданында қиылды. 2000 орындық білім ошағы заман талаптарына сай салынған. Мұнда 100-ге жуық оқу кабинеті қарастырылған. Оның ішінде балаларды IT мен инженерия саласына дайындауға мүмкіндік беретін робототехника, жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңірек зерттеп, зерделеу үшін STEM-зертхана жабдықталған. Оқушылардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2 үлкен және 2 кіші спорт залы, хореография залы, кең акт залы мен үлкен асхана бар.

Қос жайлы мектеп мердігері -  «BI Urban Construction» серіктестігі. Нысандардың дайындығымен Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев танысып, оң бағасын берді. Бір кезекте 2000 орынға арналған ғимараттардың нормативтік құрылыс мерзімі 18 айды құрайды. ЕРС-келісімшарт  механизмі аясында жобалау, құрылыс пен жабдықтау мәселесі қатар жүргізілгендіктен, шаруаны мамандар 13 айдың ішінде тәмамдаған. Осылайша пилоттық ұлттық жоба аясында салаға енгізілген жаңашылдықтар өзінің оң нәтижесін беріп отыр.

Төрағасының блогы