Шымкент қаласында тағы 6 жайлы мектеп ашылуға дайын
2000 орындық жайлы мектеп – «Бозарық» ықшам ауданында бой көтерген алғашқы оқу ұясы. Осыған дейін балалар білім нәрімен сусындау үшін қаланың орталығына ат терлетіп барған екен. Үшінші тоқсаннан бастап кемінде жарты сағат уақытта алатын жолды ұмытуға болады. Тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп, халық саны жыл емес, күн сайын артып жатқан шағын ауданда заманауи әрі жаңа форматтағы білім ошағы қолданысқа тапсырылды. Ауданы 23 мың шаршы метрді құрайтын, 100-ге жуық кабинетпен қамтылған нысанды «Отау-Строй» серіктестігі тұрғызды.
1200 орынға шақталған 4 бірдей жайлы мектеп «Тұран-2», «Жаңатұрлан», «Ұлағат» және «Сәуле» ықшам аудандарында бой көтерді. 3 бірдей спорт залы, үлкен акт және би залы, асханасы бар, коворкинг аймақтармен қамтылған, цифрлық жаңашылдықтармен жарақталған, қабырғаға тақтаның бір емес бірнеше түрі ілінген мектеп оқушыларға шексіз мүмкіндіктер ұсынады. Оқу ұясында робототехникамен айналысып, ғылыми тәжірибелер жүргізіп, спорттың түр-түрімен айналысуға болады. Ән-күй сабағында да балалар енді тек бір аспаппен шектелмейді. Ұзын сөздің қысқасы жайлы мектепте жеткіншектердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған.
Мегаполистегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге «Ақжар» шағын ауданында тұрғызылған жайлы мектеп те сеп болмақ. Заманауи білім беру нысаны бір ауысымда 600 балаға шақталған. Оқу процессі үшінші тоқсаннан басталады.
Биыл Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 11 нысан қолданысқа тапсырылды. Осылайша білім ошақтарының тапшылығы проблемасы өткір тұрған шаһарда бір ауысымда 15800 оқушы орны пайдалануға берілді.