Маңғыстау облысындағы жайлы мектеп алғашқы оқушыларды қабылдады
13 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласының 33-ші шағын ауданындағы №33 орта мектептің ашылу рәсімі өтті.
Жаңа мектепте 66 заманауи кабинет бар, оның ішінде STEM зертханалары, қыш өнері, бейнелеу дизайны және хореография сабақтарына арналған кабинеттер қарастырылған.
Қазіргі уақытта мектепте 825 оқушы білім алуда. Сабақтарды 68 мұғалім жүргізеді, оның ішінде 7 ұстаз ауысыммен жұмыс істейді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін заманауи стандарттарға сай сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері жабдықталған.
Ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік білім беру ұйымдары, мердігер мекемелердің өкілдері және ата-аналар қатысты. Облыс әкімінің атынан Аббат Өрісбаев жиналғандарды жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтады.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Балалардың сапалы білім алуы үшін мектептер заманауи және жайлы болуы тиіс. Бұл – біздің болашағымыздың кепілі. Президентіміз атап өткендей, орта білім беру деңгейінің сапасын арттыру – ұлттық болашағымыз үшін маңызды қадам. Осындай мектептердің іске қосылып жатқаны бізді қуантады. Жас ұрпаққа білім жолында сәттілік тілеймін, – деді Аббат Өрісбаев.
Айта кетейік, осы жылы Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде Ақтау қаласының 17, 19 және 33-ші шағын аудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылының Хазар шағын ауданында 4500 орындық (бір ауысымда ) төрт мектептің құрылысы аяқталды.
Ақпарат көзі: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі