«Жайлы мектеп» жобасы – отандық өндіріс ошақтары үшін үлкен мүмкіндік
Елімізде салынып жатқан заманауи мектептер тек білім беру саласын дамытуға бағытталмай, сонымен қатар отандық өндіріс орындарының өркендеуіне де зор серпін беріп жатқаны баршаға мәлім. Бұл үрдістің жарқын мысалы ретінде Астана қаласындағы METALFORMER зауытының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысуын айтуға болады.
Өндіріс ошағының құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталып, 2024 жылдың күзінде толықтай аяқталды. Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция сомасы 5,2 миллиард теңгені құрайды.
Зауыт аталмыш жобаның аясында мектептер мен басқа да әлеуметтік ғимараттардың қасбетін қаптауға арналған материалдар өндірісін арттырды. Қазіргі таңда METALFORMER зауыты тәулігіне 2 мың шаршы метр фиброцементтік панель (ФЦП) және линеарлық панель шығарады. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, бұл панельдердің қызмет көрсету мерзімі – кем дегенде 25 жыл.
Жоба басталғалы осы зауыттың өнімдері ел бойынша 65 жайлы мектептің қасбетін қаптауға қолданылған. Басшылықтың сөзінше, ұлттық жоба арқасында METALFORMER зауыты қазақстандық құрылыс компанияларына кеңінен таныла бастады, өнімдері сұранысқа ие болып, көптеген тапсырыстар түсіп жатыр. Мектеп ғимараттарынан бөлек, зауыт тұрғын үйлер мен өзге де әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың құрылысына материалдарды жеткізу бойынша да көптеген тапсырыстарды орындап жатыр екен.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау – экономиканың дамуына қосылған үлкен сүбелі үлес. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша Үкімет қаулысында мектептердің құрылысында Қазақстанда жасалған материалдар мен тауарларды пайдалану қажеттігі нақты жазылған. Бүгінгі таңда ұлттық жобада отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану үлесі орта есеппен 70% болды. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірісті дамытуға ықпал етеді.
Жаңа зауыттың құрылысында заманауи қондырғылар мен үш өндіріс желісі қолданылды. Бұл зауыт отандық нарықтың біршама бөлігін отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, зауыт шығаратын өнімдер шетелден импортталатын алюминий профильдерін 15 пайызға дейін, ал шатыр жабындылары мен фиброцемент панельдерін 40 пайызға дейін алмастыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдай құрылыс материалдарына қажеттілікті азайтып, Қазақстанда өндірілетін өнімдерге сұранысты арттырады.
Құрылыс материалдарының ішкі өндірісін дамыту еліміздің импортқа тәуелділігін төмендетіп қана қоймай, сонымен қатар тұрғын үйдің шаршы метр бағасын арзандатуға да мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде отандық тұрғын үй құрылысының сапасын арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал ететін маңызды фактор болып табылады.
«Жайлы мектеп» жобасы – отандық өндірістің дамуына серпін беріп, құрылыс саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік туғызып отыр. Бұл жоба экономиканың әр түрлі секторларын біріктіріп, Қазақстанның тұрақты дамуына үлкен үлес қосып жатыр.