Өзекті мәселелер мен тиімді нетворкинг: SKCN алаңында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қатысушыларымен кездесу өтті
Наурыздың 5-і күні «Samruk-Kazyna Construction» АҚ алаңында «Атамекен» ҰКП, отандық тауар өндірушілер және мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Қатысушылар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысындағы мәселелер мен жетістіктерді талқылап, өзара пікір алмасты. Бұл жоба — тек ауқымды құрылыс бағдарламасы ғана емес, сондай-ақ еліміздің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған стратегиялық бастама.
Кездесу барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғабит Малғаздаров жобаның ағымдағы жетістіктері мен оны жүзеге асырудағы қиындықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалардағы қазақстандық өнімдердің үлесі 77%-ды құраса, кейбір құрылыс материалдары бойынша бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жеткен. Десе де бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге болар еді.
«Сұраныс жоғары болғандықтан, бағаның негізсіз артуын байқадық. Ұлттық жоба әлеуметтік маңызы бар, сондықтан тауарлардың құнын өсіру — орынсыз. Осыған орай, біз баға қалыптастыру жүйесін тексеріп, негізсіз үстемақыларды жоюды ұсындық. Бұл мәселені шешуде «Атамекен» ҰКП қолдауы өте маңызды», — деді Ғабит Малғаздаров.
Кездесу барысында отандық тауар өндірушілер өз кәсіпорындарын таныстырып, өндірістік қуаттылығы жайында баяндады. Ұлттық жобаға қатысу арқасында көптеген компания өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, жаңа желілерді іске қосып, жұмысшылар санын арттырып, қондырғыларын жаңарту мүмкіндігін иеленген. «Жайлы мектеп» жобасының жемісін көргендердің бірі - «Le porte M» ЖШС. Азат Калиолла.
«Біздің фабрика өз жұмысын 2021 жылы бастады, алайда ауыз толтырып айтарлықтай тапысырысқа 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қол жеткіздік. Біз 86 мектепті жабдықтап, 25 мың есік жиынтығын жеткіздік. Бұл жұмысшылар санын 60-тан 150-ге дейін арттырып, өндірістік қуатымызды кеңейтуге мүмкіндік берді. Білім ошақтары үшін біз арнайы есіктерді әзірледік. Олардың төменгі жағы алюминиймен қапталған, өнім ұзақ уақытқа шыдас береді», - деді «Le porte M» ЖШС құрылтайшысы Азат Калиолла.
Бизнес өкілдері бірқатар өзекті мәселені де сөз етті. Отандық тауар өндірушілердің сөзінше, негізгі қиындық — келісімшарт мерзімінде. Мектепті қолданысқа енгізуге бірнеше ай қалғанда барлық мердігерлер бір мезетте келісімшартқа отырады екен. Осылайша кәсіпорынға түсетін жүктеме едәуір артады. Бұл өндірісті жоспарлап, логистиканы бір жолға қоюға кедергі болуы мүмкін.
«Келісімшарттарды уақытында жасасақ, жеткізілімдердің тұрақтылығын, құрылыс процесінің үзіліссіз жүруін қамтамасыз етуге болады. Алда 104 жайлы мектепті салып, жабдықтау мәселесі тұр. Қаржыландыру толық көлемде бөлінген, қаражат эскроу- шоттарында да бар. Ең бастысы шартқа отыру ісін кейінге қалдырмау керек. Сондай-ақ, e-qurylys жүйесі арқылы атқарылған жұмыстардың актілерін уақытында жабу өте маңызды. Бұл платформа арқылы төлемдерді қысқа мерзімде жүзеге асыра аламыз», — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуат Жилкибаев.
Кездесу соңында мердігерлер мен тауар өндірушілер өзара байланыс ақпараттарымен алмасып, логистика бойынша туындайтын мәселелерді жедел шешу мәселелерін қарастырды. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектеп мердігерлеріне тауар жеткізілімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді. Құрылысшыларға зауыттардың басына бару қажеттігі де айтылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы — білім беру инфрақұрылымына құйылған инвестиция ғана емес, отандық бизнесті қолдаудың нақты үлгісіне айналды. Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін әкімшілік кедергілерді жою өте маңызды, Samruk-Kazyna Construction компаниясының бастамашылық етіп, кездесуді ұйымдастырғаны да сондықтан.