Төртінші тоқсан қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жаңа оқу ордасына барып, мұғалімдер құрамымен және оқушылардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген заманауи мектептердің өңірдегі білім беру сапасын арттыруға қосатын үлесі зор екенін атап өтті:

«Президент тапсырмасы аясында біз білім беру инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Жайлы мектептер – бұл жаңа ғимараттар ғана емес, балаларымыздың дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім беру орталықтары. Оқушыларға сәттілік тілеймін, осындай жайлы және заманауи орта ұсынған барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланғандары жөн. Әрбір оқу орны ең жоғары стандарттарға сай болуы үшін біз осы бағытта одан әрі жұмыс істейміз».

Өз кезегінде ата-аналар жаңа мектеп үшін алғыстарын білдірді.

«Бұл – бізге нағыз мереке. Ақжарда тағы бір мектеп ашылды. Менің немерелерім мен жиендерім осында оқиды. Мектеп өте керемет, өте әдемі. Мұнда домбыра сыныбы, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар бар. Қазір балаларға ең жақсысы ғана ұсынылады, ата-ана ретінде балаларымыздың жайлы және заманауи жағдайда оқитынына сенімді бола аламыз. Мұны жүзеге асырған барша азаматтарға үлкен рахмет!»- деді Айнагүл Сәбитеева.

«Мектеп өте жақсы. Сапалы білім алу үшін қажет нәрсенің бәрі бар – робототехника кабинеті, зертханалар, акт залы, спорт залы. Мен немерелерімнің осындай жақсы жағдайда оқып, барлық бағытта дамитынына өте қуаныштымын. Осы мектепті ашуға көмектескен жандарға ризашылығымды білдіремін», – деді Мырзабай Бабашев.

Ақжар ықшам ауданында орналасқан №79 жалпы білім беретін жаңа мектеп Samruk-Kazyna Construction компаниясының жетекшілігімен салынды. Құрылыс жұмыстарын «Бәбек Құрылыс» серіктестігі іске асырды. Бұл білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын іске асырудың жарқын үлгісі саналады.

Мектеп директоры Мәншүк Досжанованың айтуынша, оқу орны бір ауысымда 300 оқушыға арналған. Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен және IT саласында машықтандыруға арналған арнайы сыныптармен жабдықталған. Мұнда екі компьютерлік кабинет, робототехника сыныбы, STEM-зертхана, шеберханалар, заманауи кітапхана мен оқу залы, жайлы коворкинг аймақтары, тыныш және белсенді ойындарға арналған алаңдар, сондай-ақ спорт және акт залдары бар.

Жаңа мектеп оқушылардың білім алуы мен шығармашылық әлеуетін дамыту үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жағдайлар да қарастырылған. Қазіргі уақытта мектепке 325 бала қабылданып, оқыту екі ауысымда жүргізілуде.

Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында бір ауысымда 11 400 оқушыны қамтитын 14 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның екеуінің құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталса, қалған 12 мектеп 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.

 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Төрағасының блогы