Есет батыр тұрғын алабындағы 2000 орындық жайлы мектеп орын тапшылығы мәселесін шешті
Бүгін Ақтөбе халқының игілігіне ұлттық жоба аясында бой көтерген екінші мектеп есігін айқара ашты. Есет батыр тұрғын алабында орналасқан №82 жалпы білім беретін орта мектептің құрылысын «BI Global» серіктестігі жүзеге асырды.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров оқушылардың ата-аналарымен кездесті және балалардың заманауи білім алу мүмкіндіктерін бағамдады.
«Мемлекетіміздің болашағы жан-жақты дамыған, дені сау және мәдениетті азаматтарға байланысты. Сондықтан елімізде балаларымыздың сапалы білім алуына айырықша көңіл бөлінуде. Әрбір бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, жоғары деңгейде білім алу мүмкіндігіне ие болуы маңызды. Бұл – әрбір жайлы мектептің басты мақсаты. Мұндай білім ордалары оқушылардың барлық қажеттілігіне сай. Осындай мектеп өңірдің білім беру инфрақұрылымын нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз. Болашақта да білім беру жүйесін дамытып, әрбір баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына және ел дамуына үлес қосуына жағдай жасаймыз», – деді өңір басшысы.
Бір ауысымда 2000 оқушыны қамти алатын бұл жаңа мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әртүрлі жастағы балаларға бейімделген. Мұнда 55 оқу кабинеті бар, оның ішінде 28 бастауыш сынып кабинеті, 7 мектепалды даярлық сыныбы, сондай-ақ химия, физика, биология, ағылшын тілі, IT, робототехника және STEM зертханалары орналасқан. Бұл оқу блоктары ғылым, технология, инженерия және математика пәндерін тереңдетіп оқытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 440 орындық асхана жұмыс істейді.
Мектепте оқу кабинеттерінен бөлек, заманауи кітапхана, оқу залы, коворкинг-аймақтар мен балалардың белсенді демалуына арналған ойын алаңдары бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы кабинеттер мен қолжетімді орта қарастырылған.
Жаңа мектепті аралап шыққан Есет батыр тұрғын алабы тұрғындарының да қуанышында шек жоқ.
«Осындай керемет мектептің салынғанына өте қуаныштымын. Бұл – ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де, ең бастысы – балалар үшін нағыз арман мектебі. Білім саласында көпжылдық тәжірибем бар, бірақ дәл осындай деңгейдегі оқу орнын алғаш рет көріп тұрмын. Мұнда балаларға ерекше қамқорлықпен жағдай қарастырылған: заманауи кабинеттер, жайлы оқу және демалыс ортасы. Ата-аналарға айтарым – мұғалімдермен бірге жұмыс істеңіздер, балаларыңызды қолдап, олардың өсуіне және дамуына көмектесіңіздер. Сонда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Ал балаларға айтарым – мектептеріңді қадірлеңдер, жасалған мүмкіндіктерді бағалаңдар. Бұл мектеп – білім мен даму орталығы. Мектептің салынуына атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін», - деді педагогика саласының ардагері Жания Мұхамбетова.
«Осы тамаша мектептің бой көтеруіне үлес қосқан барша жанға рахметімді айтамын. Ата-ана ретінде балаларымыздың осындай тамаша жағдайда оқып, сапалы білім алатынына қуаныштымыз. Мұндай мектептің салынуы – біз үшін және балаларымыз үшін үлкен қуаныш!», - деді Есет батыр тұрғын алабының тұрғыны Қайрат Назаров.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі