Өткен жылдың соңында құрылысы аяқталған білім ордасы төртінші тоқсанда оқушыларға есігін айқара ашты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған бұл мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, білім саласының ардагерлері және ата-аналар қатысты.

Аудан орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің оқушылары бұған дейін балабақша ғимаратына бейімделген оқу орнында білім алып келген еді. Енді олар жаңа мектепте оқиды. Құттықтау сөзінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов ұлттық жоба аясында екі жыл ішінде 208 мектеп салынатынын айтты. Бүгінде олардың тең жартысы пайдалануға берілген.

«Осы 208 мектептің 43%-ы, яғни 90-нан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Қала мен ауылдағы жайлы мектептердің арасында ешқандай айырмашылық жоқ, бәрі бірдей жабдықталған», – деп компания басшысы ерекше атап өтті.

Бұл мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу орнында 57 мұғалім қызмет етеді. 22 оқу кабинеті, мультимедиалық және жаратылыстану-ғылыми пәндерге арналған зертханалар, би залы бар. Сондай-ақ 120 орындық асхана, 100 орындық мәжіліс залы, интерактивті панельдер, пәндік кабинеттер, кітапхана мен оқу залымен қамтылған.

Оқушылардың спортпен айналысуы үшін жабық спорт залдары мен ашық алаңдар, воркаут аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар домбыра үйірмесі сияқты қосымша білім беру бағыттары да қамтылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта жасалған: пандустар, тактильді жолдар және арнайы санитарлық тораптар орнатылған.

Төрағасының блогы