Нысан ұлттық жоба аясында «Отау-Строй» ЖШС мердігер ұйымының қатысуымен салынды. Мектептің жалпы ауданы 23 мың шаршы метрден асады және 98 оқу кабинеті бар. Ерекшелігі – ұлттық жоба талаптарына сәйкес бұл мектептегі технологиялық жабдықтау деңгейі стандарттан 4 есе жоғары. Аймақтың сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, жобалау және салу кезінде ғимараттың кеңістіктік қаттылығы мен 8 балдық жер сілкінісіне төзімділігін қамтамасыз ететін антисейсмикалық шаралар кешені жүзеге асырылды. Заманауи стандарттарға сай бой көтерген білім ошағының таспасын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қиды.

«Өскелең ұрпақтың заманауи үлгідегі жайлы білім ордаларында сапалы білім мен саналы тәрбие алуына мемлекет басшысының тапсырмасымен игі істер жан-жақты іске асып жатыр. Бүгін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір заманауи мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілгелі тұр. Мектеп озық технологиялармен жабдықталып, оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық жағдай жасалған»,- деді өз сөзінде аймақ басшысы

Жаңа үлгідегі мектепте 97 кабинет, 3 шеберхана, 6 зертхана, 4 компьютерлік сынып, хореографиялық залдар, коворкинг-орталықтар, үлкен асхана және 4 спортзалы қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған. Білім ұясында 1310 оқушы оқиды. Жанында ойын және спорт алаңдары орналасқан. Қауіпсіздік мәселелері басты назарда: нысан заманауи бейнебақылау және кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі және санитарлық нормаларға толығымен сәйкес келеді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін толық инклюзивті орта жасалған: лифттер, арнайы дәретханалар және инклюзивті оқу кабинеттері орнатылды. Әр қабатта ауыз су бұрқақтары қарастырылған, ал оқушылар үшін жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар бар.

Айта кетсек, Жамбыл облысында бір ауысымда 6200 орынға есептелген 7 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде төртеуі ашылып,  тағы үшеуі биыл халық игілігіне беріледі.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы заманауи білім беру орындарын құруға бағытталған. Бұл жоба аясында құрылысқа жауапты бірыңғай дирекция қызметін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ атқарады.

Төрағасының блогы