Қыс мезгілінде еліміздің көптеген өңірлері инженерлік инфрақұрылымның тозуына байланысты түрлі қиындықтарға тап болатыны жасырын емес. Жылу трассаларындағы апаттар мен су құбырларының жарылуы салдарынан тұрғын үйлер уақытша жылу мен сусыз қалып, халыққа қолайсыздықтар тудырады. Бұл жағдайдың негізгі себебі – инженерлік желілердің ескіруі.

Мәселен, 2022 жылғы мәліметтер бойынша, жылу желілерінің тозу деңгейі республика бойынша 54%-ға жеткен. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш 62–68%-ды құрайды. Су құбырлары жүйесінің тозуы – 43%, ал кәріз желілерінің жағдайы бұдан да күрделірек – 55%. Бұл деректер еліміздің инженерлік инфрақұрылымы шұғыл жаңартуды қажет ететінін айқын көрсетеді.

Осы күрделі жағдайды шешу үшін елордада жаңа ЖЭО-3 (үшінші жылу электр орталығы) салынып жатыр. Бұл нысан қаланың сол жағалауындағы және жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта орталықтағы төрт қазандық Астанаға сағатына 440 гигакалория жылу беріп отыр.

Озық тәжірибені үйрену мақсатында Samruk-Kazyna Construction компаниясының жобалау және құрылыс департаментінің директоры Ануарбек Хами, бас менеджер Нұрдәулет Қуанышбек және жетекші маман Әсел Нұрумжанова ЖЭО-3-ке арнайы барып, нысанның жұмысымен танысты. Олар мұнда қолданылған заманауи жабдықтар мен технологияларды көріп, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуда сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін үлгілермен танысты. Бұл тәжірибе алдағы жобаларға жаңа серпін берері анық.

Инженерлік жүйелердің ұзақ мерзімді және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін әлемдік тәжірибені зерттеу – аса маңызды қадам. Осы мақсатта Samruk-Kazyna Construction мамандары елорданың тұрғын аудандарын жылумен қамтып отырған «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылу станцияларына баруды да жоспарлап отыр. Алдағы кезеңде компания үздік шетелдік технологияларды зерделеп, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеп енгізуге ниетті.

 

Төрағасының блогы