Баспасөз туры

Алтын Орда аумағында салынып жатқан жайлы мектептің мердігер құрылысшылары осылай дейді. Аталған құрылыс аумағында өткізілген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру» тақырыбындағы көшпелі баспасөз мәжілісінде құрылыс барысы, ерекшеліктері туралы айтылды.

«Жайлы мектеп» құрылыс жобасының жетекшісі Самат Әбілқадыровтың айтуынша, жаңа мектептегі ыңғайлы кабинеттер, санитарлық тораптар буллингке қарсы талаптарды ескере отырып жабдықталған. Яғни Ұлттық жоба стандарттарына сәйкесбастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды: бастауыш сынып оқушылары үшін жеке кіреберіс есік қарастырылған. Сондай-ақбастауыш сынып оқушыларына арналған екі шағын спортзалы, жоғары сыныптарға арналғанекі үлкен спортзалы бар.

— Оқушылар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған санитарлық тораптарды бөлек орналастырдық. Себебі соңғы уақытта мұндай оқиғалар жиілеп кеткені белгілі, — дейді Самат Әбілқадыров.

Жаңа мектептебір ауысымда 2 000 бала оқи алатын болады. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, алғашқы іргетасы құйылған-ды. Келісімшартқа сәйкес нысанды осы жылдың тамыз айының соңына дейін тапсыру жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.

— Төрт қабатты ғимараттың жалпы аумағы — 19 000 шаршы метр. Мұнда екі үлкен және екі шағын спортзалы қарастырылған. Мектеп толық жабдықталған және барлық қауіпсіздік талаптарына сай жобаланған. Сонымен бірге жайлы мектепробототехника зертханалары, кең асхана, медпункт, оқу бөлмелері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында салынып жатыр. Бағдарламаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы,— дейді Самат Әбілқадыров.

Бүгінде құрылыс басында шамамен 130 адам жұмыс істеп жатыр. Қыс мезгілі болғандықтан, қазір ішкі әрлеу жұмыстарыжәне инженерлік коммуникацияларды орнату жүргізіліп жатыр.

— Құрылыс материалдарын жеткізу бойынша қиындықтар жоқ. Қазіргі уақытта жылу жүйесіне қосылуды күтіп отырмыз. Оған қажетті барлық материал дайын. Негізінен отандық құрылыс материалдары қолданылады, — дейді мердігер компания өкілі.

Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы берген дерекке сүйенсек, облыста 2023-2025 жылдар аралығында елімізде басталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл жоба білім беру инфрақұрылымын жаңарту және білім сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келеді.

Басқарма басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, 2023 жылы аталған жоба үшін Ұлттық қордан бөлінген 26,7 миллиард теңге тиімді жұмсалған. Былтыр 25,6 миллиард теңге игерілді, ал биылғы жоспар бойынша 18,9 миллиард теңге қарастырылған.

 Былтыр желтоқсанда өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес 2 300 оқушыға арналған 2 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Аталған мектептер осы ақпан айында тапсырылмақ. Бұл мектептер — Ақжар-2 шағынауданында орналасқан 300 орындық және Есет батыр-3 шағынауданында орналасқан 2 000 орындық мектептер, — деді басқарма өкілі.

Ақтөбеде биыл жалпы алғанда 9 100 орындық 12 мектеп тапсырылмақ. Бұл мектептердің қатарында Алтын Орда шағынауданындағы 2 000 орындық мектеп, Жаңақоныс-2 шағынауданындағы 600 орындық, Саяжай-1 шағынауданында 300 орындық мектептері бар. Жаңа мектептерде оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдайлар жасалатын болады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста жаңа мектептер салынып, оқушылар үшін ең жақсы білім беру жағдайлары жасалып жатыр. Бұл жоба білім сапасын арттырады және барлық баланың сапалы білімге қолжетімдігін қамтамасыз етеді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.       

https://aqtobegazeti.kz/?p=156861 

Төрағасының блогы