ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл 17 мектептің құрылысы жүргізілмек.

БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 мектеп құрылысы өткен жылы басталған болатын.

Сондай-ақ өңірде білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Орал қаласында № 8 мектеп, ауылдарда «ҚПО б.в.» компаниясы қаражатына 60 және 108 орындық 10 шағын жинақты білім ордасы бой көтеретін болады.

Әлия Қайдарқызының сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласында Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Сырым аудандарында 14 медициналық нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сол секілді спорт саласында 2025 жылы «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен Жәнібек, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 4 мәдени-спорт кешені, Бәйтерек пен Теректіде 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бөрліде 2 спорт зал салынады.

Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Ақжайық, Бәйтерек, Сырым, Жәнібек аудандарында 7 мәдениет нысаны тұрғызылмақшы. Оған қоса «ҚПО б.в.» компаниясы қаражатына Бәйтерек ауданында 1 ауылдық клуб құрылысы жоспарланып отыр.

- Өткен жылы басқармаға барлық бюджет қаражаты есебінен 87,1 млрд теңге бөлінсе, соның 34,5 млрд теңгесі әлеуметтік сала нысандарын салуға жұмсалды. Биыл 38 млрд теңгенің 19,8 миллиарды осындай нысандар құрылысына бағытталмақшы. Жалпы, соңғы бес жылда Батыс Қазақстан облысында 100-ден астам әлеуметтік сала нысаны пайдалануға берілді, - деді Ә.Қабенова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Ақжайық» шағынауданы қалай салынып жатқанын жазған едік.

https://kaz.inform.kz/news/batis-kazakstanda-17-mekteptn-kurilisi-zhurgzlmek-ab30c5/ 

Төрағасының блогы