Жылу маусымына мониторинг жүргізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырхановпен бірлесіп Жарма және Аягөз аудандарына барып қайтты. Жұмыс сапары барысында Шуақ кенті мен Аягөз қаласының жылумен жабдықтау жүйелерінің ағымдағы жұмысына тексеру жүргізілді. Жауапты тұлғаларға температуралық кестені тұрақты ұстап тұру және жылу көздерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек авариялық және жөндеу бригадаларының жұмысын ұйымдастыру, тұрғын үйлерде, әлеуметтік және әкімшілік нысандарда температуралық режимге күшейтілген мониторинг жүргізу міндеттері қойылды. Азаматтардың өтініштеріне уақытылы ден қою және жылу жүйесіндегі кез келген ақауларды жедел жою қажеттілігіне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта облыста жылу маусымы штаттық режимде өтуде және тұрақты бақылауда. Сапар барысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Аягөз қаласында салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысына да тексеру жүргізілді. Нысанды 2025 жылғы 25 тамызда пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында нысанның төбесі мен ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Нысанның белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын мұқият бақылауға және құрылыс қарқынын жеделдетуге нұсқаулар берілді. Мұндай оқу орындарының басты ерекшеліктерінің бірі-жұмсақ жиһаздар, кітаптар, музыкалық аспаптар мен үстел ойындары орнатылатын демалыс орындарының болуы. Сондай-ақ, мектеп балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін озық үлгілі бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады. «Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК 10 төсектік реанимациялық бөлімшенің қосымша құрылыс нысаны үшін 2025 жылға қаржыландыру толық көлемде көзделген. Осыған байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысына тексеру жүргізілді. Бүгінгі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ заманауи жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу жүзеге асырылуда. Салынып жатқан реанимациялық бөлімше реанимациялық залдары бар емдеу аймағы, медбикелерге арналған орындары бар қарқынды терапия палаталары және өзге де бөлмелерден тұрады. Бөлім жедел және ұзақ мерзімді реанимациялық іс-шараларда жедел терминалды жағдайлары бар науқастарда өткізуге арналған. Semeynews.kz

Источник https://semeynews.kz/kk/news/61248/ | Semey News

Төрағасының блогы