Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет отандық өндірушілерді қорғауға міндетті екенін айтқан еді. Бұл мақсат-міндеттің өңірде қалай орындалып жатқаны туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов аз-кем әңгімелестік.

– Нұржан Кеңесұлы, Алматы облысының құрылыс басқармасы отандық өндірушілерді қолдау бойынша қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Біз құрылыс жобаларында отандық өнімдерді қолдау мақсатында жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзірлеу кезінде 90-95%, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде 80-95% отандық өнімдерді пайдалану қағидатын тұрақты түрде ұстанамыз. Бұл барлық сала бойынша жүзеге асырылады.

– Мысал келтіре аласыз ба? Кандай нақты жобаларда отандық өндірушілердің өнімдері қолданылуда?

– Әрине! Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін мектептер үшін жиһаздар мен жабдықтар отандық өндірушілерден алынды. Алматы облысы әкімінің 2023 жылғы 15 сәуірдегі №142 қаулысымен жұмыс тобы құрылып, отандық жиһаз өндіруші 3 кәсіпорын және техникамен қамтамасыз ететін 3 кәсіпорын таңдалды. Бұл жұмыс топтары жиһаз бен жабдықтардың дизайны, түсі және өлшемдерін келісіп, консорциум құрды.А

– Ал құрылыс материалдары туралы не айтуға болады? Олар да отандық па?

– Иә, мектептердің құрылысында 58 отандық өндірушілердің өнімдері қолданылуда. Мысалы, отандық қыш өндіруші «Зерде Керамика» ЖШС, құбыр өндіруші «КЗТИ» ЖШС, «KNAUF Қазақстан» және «Биомер Қазақстан» компанияларының өнімдері пайдаланылуда. Сонымен қатар, құрылыс процесінде қолданылатын барлық арматура, асфальт, цемент, гипс, бояу, сылақ өнімдері де отандық өндірушілердікі.

Біз сондай-ақ «Qarmet» АҚ-ның өнімдерін де жобаларға енгізу туралы ұсыныс жолдадық. Олар арматура, темірбетон бұйымдары, металл прокаттары, профиль парақтары, құбырлар, сайдингтер және ыстықтай илектелген орамдарды шығарады. Бұл ұсыныс барлық жобалаушы және мердігер мекемелерге бағытталды.2

– 2024 және 2025 жылдары бұл бағыттағы жұмыстарға жоспар бар ма?

Құрылыс басқармасы өкілі: Қазіргі уақытта құрылыс басқармасында 2024 және 2025 жылдарға арналған нақты жоспарлар жоқ. Бірақ, біз отандық өндірушілерді қолдауды жалғастырамыз және бұл бағытта жұмыс істейміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өз тілшіміз

https://alatauaraiy.kz/2025/02/almaty-oblysynda-otandyk-ondirushilerdi-koldau-kalaj-zhuzege-asyp-zhatyr/ 

Төрағасының блогы