«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 11 400 оқушыға есептелген білім ошақтарын салу жоспарланып отыр.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін үш жыл ішінде Ұлттық қордан 71,2 млрд теңге бөлінді. Биыл көктемде Ақтөбеде 2300 бала оқитын екі мектептің құрылысы аяқталды. Бұл – «Ақжар-2» тұрғын алабындағы 300 орынға арналған мектеп пен «Есет батыр» тұрғын алабындағы 2000 орындық білім ошағы. Екі тұрғын алабы да қарқынды дамып келеді. Жаңа мектептер оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешуге оң әсерін тигізді.

Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы осы жылдың соңына дейін тағы 12 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс екенін жеткізді.

Жаңа білім ошақтары облыс орталығындағы «Батыс-2» шағын ауданында, Жаңақоныс-2, Бауырластар-3, Сазды, Саяжай-1 және Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алаптарында, сондай-ақ Темір, Мұғалжар, Мәртөк аудандарында салынуда.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы баланың тұрғылықты жеріне қарамастан заманауи талаптарға сай сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа мектептерде балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін кеңістік құру үшін барлығы жасалған.

Жайлы мектептердің ауданы типтік мектептерден 15-20%-ға үлкен, техникалық жарақтандырылуы төрт есе жоғары. Мұнда робототехника кабинеттері, STEM зертханалары, хореография кабинеті мен коворкинг алаңдары бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқитын болады. Жайлы мектепте инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлінеді. Эргономикалық кеңістік – жаңа жайлы мектептердің басты артықшылығы.

https://aqtobegazeti.kz/?p=161164 

Төрағасының блогы