Бұл жөнінде аудан әкімі Эльдар Тумашинов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Глубокое ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіммен сипатталып отыр. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беруде.

– Бірінші кезекте – бұл әлеуметтік нысандар, олар – біздің мақтанышымыз, – деді аудан әкімі. – Нақтырақ айтсақ, Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылында екі бірдей «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып отыр. 1 қыркүйекте бұл мектептер оқушылар үшін есігін ашады. Екі мектеп те 300 оқушыға арналған. Мұндай ауқымды жоба ауданда соңғы 20 жылда болмаған. Мектеп маңындағы абаттандыруды, спорттық нысандарды өздеріңіз көрдіңіздер. Енді ауыл балалары да қаладағы немесе елордадағы замандастарынан қалыспай, сапалы білім алуға мүмкіндік алады.
Әлеуметтік саладағы екінші маңызды бағыт – медициналық инфрақұрылымды жетілдіру. Пресс-тур барысында журналистер Прапорщиково ауылындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулаториядағы жағдаймен көзбе-көз танысты.
– Өткен жылдан бастап 6 медициналық мекеменің құрылысын аяқтадық, – деп жалғастырды сөзін Глубокое ауданының әкімі. – Соның алғашқысы – Прапорщиково ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Биыл Бобровка, Секисовка, Верхберёзовка ауылдарындағы СВА, Уварово ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Белокаменка ауылындағы медициналық пункттің құрылысы аяқталып, енді пайдалануға берілетін сәтті күтіп отырмыз.

Бұдан бөлек, Белоусовка кентінде 150 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталған. Сонымен қатар осы жылы оффтейк-келісімшарт аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, аудан экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі – туризм. Журналистер Таулы Үлбі аумағындағы демалыс аймағына барып, «The Forest Hill» мейрамхана-қонақүй кешенінің жұмысымен танысты.

Сондай-ақ пресс-тур аясында Глубокое ауданында өндірілетін ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Таир Сапарғалиев

Видео: Руслан Акматалиев

Фото: Жібек Нұрахмет

https://altainews.kz/kz/oialara-sholu/sho/55379-1-yrkjekte-glubokoe-audanynda-birden-eki-zhajly-mektep-ashylady-sho.html

Төрағасының блогы