«Келешек мектеп» – жанашыр жоба
Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – еліміздің білім беру саласындағы жаңа кезеңнің бастауы. Жоба аясында республика бойынша балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасау, заманауи инфрақұрылыммен қамтылған жаңа мектептер салу көзделген. Бұл бастама Түркістан облысында да қарқынды жүзеге асырылып келеді.
2024-2025 оқу жылында Түркістан облысында 13 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, олардың 9-ында бүгінде оқу процесі жүріп жатыр. Аталған 9 мектептің жобалық қуаты 10 300 оқушыны қамтуға есептелсе, қазір бұл мектептерде 7 694 оқушы білім алуда, яғни жүктеменің орындалу деңгейі 76,9 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша 29 жайлы мектептің құрылысы мен іске қосылуы жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова атап өтті.
Жаңа мектептердің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті рұқсат құжаттары да өз мерзімінде рәсімделіп жатыр. Бүгінде 13 мектептің 12-сі білім беру қызметімен айналысуға рұқсат беретін лицензияға ие. Ал Шардара мен Сарыағаш аудандарындағы №12 және №37 жалпы білім беретін мектептерде қолданыстағы лицензия негізінде жұмыс жалғасуда. Бұл екі мектептің мекенжайына қатысты өзгерістерге байланысты жаңа лицензия алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лицензиясы ресми түрде берілген 10 мектептің қатарына Созақ, Отырар, Мақтаарал, Сауран, Сарыағаш және Жетісай ауданындағы 2 мектеп пен Түркістан қаласындағы 3 жалпы білім беру мектебі бар. Сонымен қатар Келес ауданындағы №64 мектепке лицензия алу үшін өтінім берілген. Жаңа оқу жылына дейін 16 мектеп іске қосылмақ. Бұл мектептердің жобалық қуаты 9 900 оқушыға есептелсе, шамамен 7 963 бала қамтылатын болады. Бұл 80 пайыздық тиімділік деңгейін көрсетеді.
Айгүл Ерғалиқызы жаңа мектептер тек ғимарат тұрғысынан емес, педагогикалық кадрлармен де толық қамтамасыз етіліп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ 800-ге жуық педагог жаңа мектептерге ауысу тәртібімен келіп жатыр. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұл – жаңа білім ордаларында оқу процесінің сапалы ұйымдастырылуына үлкен сеп.
«Келешек мектеп» ұлттық жобасы – жай ғана жаңа ғимарат салу емес, балаларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынуға бағытталған ауқымды мемлекеттік реформа. Түркістан облысында бұл жоба табысты әрі қарқынды жүзеге асып келеді. Жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, цифрландырылған білім беру ортасына сай бейімделуде. Өңірдегі келешек мектептер толықтай отандық жиһазбен жабдықталып отыр. Бұл – жергілікті өндірісті қолдауға бағытталған нақты қадам. Білім ұяларына қойылатын парталар, шкафтар мен мұғалімдер үстелі секілді барлық қажетті жиһаз Қазақстанда жасалған өнімдер негізінде таңдалуда. Мұның өзі отандық өндірісті ынталандырып қана қоймай, жиһаз сапасының жоғары болуына және мектептерді уақытылы жабдықтауға мүмкіндік береді», – дейді Айгүл Қасымбекова.
Түркістандағы білім беру нысандарына отандық өнімдерді енгізу Мемлекет басшысының «Сапа мен тиімділік – басты назарда болуға тиіс» деген тапсырмасына сай жүзеге асып отыр. Жалпы, Түркістан өңіріндегі жаңа мектептер білім сапасының жаңа деңгейіне жол ашып, жас буынның заманауи талаптарға сай дамуына мүмкіндік береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы