Биыл 1 қыркүйекте шаһарда 12 жаңа мектеп ашылады

Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында тағы бір білім ошағы ашылды. Алатау ауданындағы Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп осыдан 2 жыл бұрын толық сүрілген. Бүгінде оқу ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасына сай қайта бой көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының Ақбұлақ ықшамауданындағы мектеп 2001 жылы қолданысқа берілген. Бастапқыда 1 қабат болып салынған ғимарат 1500 балаға ғана есептелген. Уақыт өте келе халық саны көбейіп, оқушы орны тапшылығы пайда болған. Қала билігі мәселені шешу үшін мектепті толық сүріп, жаңадан тұрғызу туралы қаулы шығарды. 2023 жылы мектеп құрылысы қолға алынып, оған бюджеттен 7 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Бүгінде 3 қабатты болып бой көтерген жаңа білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.

«Балалар 1700-ден асып кетті. Мектептің сыйымдылығы нашар болды. Бұл мектеп жоба бойынша 1500 балаға салынған. Бүгінде 1970 оқушы бар. Мектеп аралас, екі тілде оқытылады. Жалпы оқу кабинеттерінің барлығы дайын. Мұғалімдермен қамтамасыз етілген. Оқушылардың барлығы оқулықтармен қамтылды. Мектеп балаларды қабылдауға дайын», – деді Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектептің директоры Қаламқас Алмасбаева.

Бүгінде білім ордасында барлық шаруа аяқталған, іші қажет жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әр сынып бөлмесіне заманауи технология, керек-жарақтар қойылған. Жаңарған тек мектеп емес, балаларға білім беру әдісі де өзгермек. Ұстаздар биылдан бастап балаларға «адал азамат» қағидаты бойынша білім беруді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жасанды интеллект - әрбір пәннің ажырамас бөлігіне айналмақ.

«Келешек мектептің» пәндерінің барлығы құндылыққа негізделіп, жасанды интеллектіні пән үстінде алғаш рет сабаққа енгізіледі. Академиялық адалдықты қатаң сақтау және жасанды интеллектіні қалай пайдаға асыруға болады? Осындай  мәселелер бойынша мектепте эксперимент жүргізіледі», – деді Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жббм директорының орынбасары Сабира Ізтілеуова.

Білім мекемесі құрылысқа жабылғанда оқушылар 3 мектепке бөлініп оқыған екен. Оларды арнайы автобустар тасымалдаған. Биыл шәкірттер өздерінің оқу ордасына қайта оралмақ. Ал мектеп табалдырығын 280 бала аттайды. Барлығы 79 сыныпқа арнайы оқу курсынан өткен 135 мұғалім білім береді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Алматыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 21 білім ошағы ашылады деп жоспарланып отыр.

«12 мектеп ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 7 мектептің құжаттары дайын деп айтуға болады. Ал 5 мектептің құжаты 1 қыркүйекке дейін рәсімдеп, ашуды жоспарлап отырмыз. 1500-1200 жоба аясында салынған мектептерде қазіргі таңда 3000-3500-нан аса бала оқып жатыр. Ол бәрімізге белгілі. Сондықтан  Наурызбай ауданы және Алатау ауданында мектептегі орын тапшылығын шешуге тырысамыз», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов

Биыл 1 қыркүйекте Алматыда 12 жаңа мектеп ашылады. Ал 1-сыныпқа 27 мыңға жуық бүлдіршін қабылданады. Қаладағы жүзден аса мектеп пен балабақшаның күрделі жөндеуден өткенін де айта кетейік. Олардың барлығында қауіпсіздік күшейтіліп, бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелері орнатылған.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов

https://almaty.tv/kz/news/dgizn-megapolisa/keleshek-mektepteri-almatyda-zhana-oku-zhyly-karsanynda-bilim-oshagy-ashyldy 

Төрағасының блогы