Келешек мектебінің келбеті
Әр бала – өзінің қандай да бір әлеуметтік, экономикалық, физиологиялық, географиялық, биологиялық ерекшелігіне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы.
Бұл түйткілдің түйінін тарқату қарапайым мектептегі жағдайды жақсартудан басталады. Осы мәселені шешу мақсатында стратегиялық бағыттағы ұлттық жоба қолға алынды. Жыл соңында тәмамдалуға тиіс жұмыстың қарқыны қандай? «Келешек мектептерінің» келбеті қалай қалыптасып келеді?
Көп мәселе – бір шешім
Білім жүйесі озық елдерде мектептер бір ауысымда ғана жұмыс істейді. Бұл оқушылардың бағдарламадан бөлек қосымша өзін дамыту үйірмелеріне жер-жерге қатынамай, сол өз оқу ошағында қатысуына жағдай жасайды. Елімізде әлі күнге үшауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Одан қалды, апатты жағдайдағы оқу ошақтары бар. Бұл жайттан тағы бір мәселе туындайды. Білім сапасын сырттай бағалайтын халықаралық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, еліміздегі ауыл оқушылары білім сапасы бойынша қаладағы құрдастарынан 1-1,5 жылға артта қалып келеді. Өйткені кейбір шалғайдағы мектептердің халі – мүшкіл. Осыншама көп мәселенің шешімі ретінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Әлі жоба толыққанды мәресіне жетпеді, дегенмен әзірдің өзінде пайдалануға беріліп үлгерген мектептердің үлгісі мен кейбір қолда бар көрсеткіштерге қарап, істің барысын бағамдауға болатындай.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы Тамыз конференциясында: «Келешек мектептерінің» құрылысы тың өзгерістерге үлкен қозғау салып, білім саласының қарқынды дамуына жол ашты. Бұл бастамалар осы жылдары еліміздегі үш ауысымды мектептердің санын 4 есеге, апатты жағдайдағы мектептерді 2 есеге, оқушы орнының тапшылығын 4 есеге азайтты», деп мәлімдеді.
Ал ауыл мектептеріне қатысты жағдайды қаншалықты жақсарды? Бұл сұрағымызға Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан: «Президенттің тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға, тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастама. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру, жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндіктер жасау. Осы мақсатта келешек мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған», деп жауап берді.
Сан мен сапа
Әуел баста жоба аясында 2026 жылға дейін 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған. Бүгінге дейін жаңа форматтағы 128 мектеп салынып үлгерді. Ал 2025 жыл соңына дейін тағы 89 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Соның ішінде заманауи жабдықталған мектептердің 40 пайыздан көбі ауылдық елді мекендерге тиесілі.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, келешек мектептердің басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Біз барған Астанадағы №115 «Келешек мектебінде» роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коуоркинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп соңғы үлгідегі жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Қарым, қабілетіне қарамастан, кез келген балаға жағдай жасалған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылды.
https://ken-zhyloi.kz/zhanalyqtar/bilim-ylym/keleshek-mektebini-kelbeti.html