Келешек мектептері: Астанада жаңа мектеп халық тығыз қоныстанған тұрғын алаптардың бірінде ашылды
Елордадағы ең ірі тұрғын алаптардың бірі – Үркер елді мекенінде бүгінде шамамен 35 мыңға жуық адам тұрады. Мұндағы жалғыз мектеп ұзақ уақыт бойы үш ауысымда жұмыс істеп келген. Жуырда ашылған жаңа әрі жайлы №33 мектеп осы мәселені шешуге мүмкіндік берді. Енді тұрғын алаптағы балалар қала орталығына қатынамай-ақ, өз мектебінде білім алатын болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Келешек мектебі» №33 Мемлекет басшысы бастаған ауқымды бағдарлама аясында бой көтерді.
«Бұл мектеп ашылғанға дейін Үркерде бір ғана үш ауысымды мектеп-гимназия болды. Жаңа мектептің іске қосылуының арқасында үш ауысым мәселесі толық шешілді. Қазіргі таңда мұнда шамамен 3 мың бала оқиды. Олардың басым бөлігі бұрынғы мектептен ауысты, сондай-ақ қалада білім алып жүрген, бірақ орын жетіспегендіктен мектепке қабылданбаған балалар да қайта оралды. Олар жазғы уақытта орналасып үлгерді», – деді мектеп директоры Дана Оразалина.