2022 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы (бұдан әрі – Ұлттық жоба) мақұлданды. Ұлттық жобаның артықшылықтарын атап өтіп, ҚР Премьер-Министрі А.А. Смайылов жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы жылдың соңына дейін 2023 жылы мектеп салуға жер телімдерін беруді және учаскелерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды тапсырды.

   ҚР Үкіметінің отырысы трансляциясы аяқталғаннан кейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ (бұдан әрі – Қоғам) Басқарма Төрағасы Қоғам қызметкерлерімен кеңес өткізді. М.З. Айманбетов Қоғам алдында 2023-2025 жылдары 842 мың орынға арналған 401 мектеп салу бойынша шұғыл және жауапты міндет тұрғанын атап өтті.

   Қазіргі уақытта Қоғам «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін қажетті ресурстарды жоспарлауды жүзеге асыруда. Мониторинг жүйесі үшін ашықтықты қамтамасыз ететін және еліміздің кез келген азаматына мектеп құрылысының барысын онлайн режимде қадағалауға, салынып жатқан мектеп бойынша қызықтыратын құжаттармен танысуға мүмкіндік беретін цифрлық платформаны таңдау бойынша жұмыс белсенді жүріп жатыр.

  Ұлттық жоба шеңберінде салынған мектептер ойластырылған сәулет-жоспарлау шешімдерімен, заманауи жабдықтармен және отандық өндірістің жиһазымен жарақтандырумен ерекшеленетін болады. Ұлттық жобаны іске асыру мектептердегі үш ауысымдық, апаттық, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын жоюға мүмкіндік береді. Барлық 401 мектепте бірыңғай стандарт бойынша қалаларда да, ең шалғайдағы ауылдық елді мекендерде де оқушылар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

   Мектеп объектілерін салу және іске қосу процесінде 100 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Төрағасының блогы