18 мамыр күні «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде «Жайлы мектептер» салынатын жеті жер учаскесін аралап, бас мердігерлермен кездесті.

Қараөткел, Қаражар, Ақмол, Қоянды және Қабанбай батыр ауылдарының әрқайсысында бір жаңа оқу орны, Талапкер ауылында екі оқу орны салынады. Жеті мектептің алтауы 1200 оқушыға арналған, ал Қояндыда 2000 бала оқи алады.

Елді мекендерді аралау барысында SK Construction Басқарма Төрағасы құрылыс компанияларының дайындығымен және құрылыстың бастапқы бас жоспарларымен танысты.

Мәулен Айманбетов Қоянды ауылында мектеп салуға арналған жер учаскесінің балалар үшін ыңғайсыз орналасқанын байқады. Учаске ауылдың шетінде орналасқан, жақын жерде тиісті инжинерлік жүйелер жоқ. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сүйене отырып, Қояндыда «Жайлы мектеп» салу үшін ыңғайлы орынды іздеп, балабақшаның жанынан игерілмеген жер учаскесін тапты.

«Елді мекен ішінде орналасқан мектепке келіп-кету балалар үшін әлдеқайда ыңғайлы болады деп санаймын. Сондай-ақ, ата-аналар үлкен балаларын мектепке әкеліп, ал кішілерін жақын жерде орналасқан балабақшаға қалдыра алады», – деп атап өтті Мәулен Айманбетов.

Алайда бұл учаске жеке меншікте. SK Construction Басқарма Төрағасы жер учаскесінің иесімен кездесуді, сондай-ақ бұл учаскені басқасына айырбастау үшін тұрғындар мен ақсақалдар жиынын ұйымдастырып мәселені шешү жолдарын қарастыруды Жергілікті атқарушы орган мамандарына ұсынды.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін Ақмола облысында 26,5 мың оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарлануда.

Төрағасының блогы