Өздеріңіз білетіндей, 62 жайлы мектептің құрылысына қайта конкурс жарияланды. Өтінімдерді қабылдау 9 маусымда басталды, ал 19 маусымда аяқталады. Жеңімпаз компаниялар қашан белгілі болады? Бұған дейін конкурсқа қатысқандар қайта өтінім бере ала ма? Құжаттар пакетін тапсырғанда қандай қателіктер көп кездеседі? Сұрақтарға осы материалда жауап береміз.

ЖЕҢІМПАЗДАР ҚАШАН АНЫҚТАЛАДЫ?

Байқау 9 маусымда жарияланды. Өтінімдер күнтізбелік 10 күн ішінде қабылданады. Конкурстық комиссия өтінімдерді 15 жұмыс күні ішінде қарастырып, алдын ала рұқсат беру хаттамасын жариялайды. Бұл хаттамаларда конкурстық құжаттама талаптары бойынша барлық ескертулер мен ауытқулар көрсетіледі. Қатысушылар оларды 2 жұмыс күні ішінде жоя алады. Ескертулер жойылғаннан кейін өтінімдер 5 жұмыс күні ішінде қайта қаралады, содан кейін сатып алу веб-порталында рұқсат беру хаттамасы жарияланады. Хаттама сол сәтте автоматты түрде жасалып, оған конкурстық комиссия мүшелері қол қояды.

 ҚАНДАЙ ЖАҢАШЫЛДЫҚ БАР?

Мердігерлер үшін жаңа шектеу енгізілді. Әрбір құрылыс компаниясы көп дегенде 20 лот бойынша ғана байқауда жеңіске жете алады. Бұл дегеніміз, ірі компаниялардың әрқайсысы 20-дан астам мектеп сала алмайды. Ал ұлттық жоба аясында 401 мектептің құрылысы жоспарланған

ЕКІНШІ МҮМКІНДІК БЕРІЛЕ МЕ?

Бұған дейін конкурсқа қатысқан әлеуетті мердігерлер қазіргі байқауға қайта өтінім бере алады.

Алғашқы конкурстың қорытындысы бойынша 118 жайлы мектептің мердігері анықталған болатын. Олармен 110 келісімшарт жасалды. 52 лот бойынша жеңімпаз анықталмады, тағы 15 лот жойылды.

 

ҚҰЖАТТАР ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНАДЫ

Конкурстық өтінімдер тек электрондық форматта қабылданады. Барлық құжаттаманы сатып алу порталына жүктеу қажет. Қағаз құжаттар қабылданбайды.

Үкіметтің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске қосу туралы Қаулысы 2022 жылдың қарашасында қабылданды. Ол кезде SK Construction компаниясында жеке сатып алу порталы болмаған еді. Сондықтан бастапқыда өтінімдер мен құжаттар тек қағаз жүзінде қабылданды. Көп ұзамай сатып алудың веб-порталы әзірленіп, іске қосылғандықтан, құжаттар тек электронды форматта қабылдана бастады.

КЕМШІЛІКТЕР ТҮЗЕТІЛДІ МЕ?

Бұған дейін құрылыс компаниялары сатып алу порталының жұмысындағы іркілістерге шағымданған болатын. Олар сайтқа конкурстық құжаттаманы жүктей алмағандарын айтты. Бедгілі болғандай, жүктелген құжаттардың өте үлкен көлеміне байланысты ақаулар болған. Бүгінгі таңда портал жетілдірілді, барлық кемшіліктер түзетілді, сондықтан мәселе туындамауы тиіс

ҚАТЕЛІКТЕРДЕН САБАҚ АЛУ КЕРЕК!

Конкурсқа қатысуға өтінім беру кезінде құрылыс компаниялары жиі жіберетін қателіктер:

1. Дұрыс рәсімделмеген банк кепілдігі

Банк кепілдігі туралы құжаттар тиісті түрде ресімделіп, порталға жүктелуге тиіс. Конкурстың атауы мен нөміріне, сондай-ақ Лоттың атауы мен нөміріне назар аудару қажет. Егер әлеуетті өнім беруші банк кепілдігін тиісінше ресімдемесе, ескертулерді жою мүмкіндігі болмайды. Бұл өнім беруші қабылданбайды және конкурсқа одан әрі қатыса алмайды.

2. Материалдық және еңбек ресурстары туралы құжаттар

Конкурсқа қатысушы мердігерлер өзінің білікті мамандары мен арнайы техникасы бар екенін растауы керек. Алайда, компаниялардың көпшілігі қызметкерлерге қатысты бұйрықтарын ұсынбаған немесе олар тиісінше рәсімделмеген болып шықты. Сондай-ақ, қатысушылардың көпшілігі арнайы техникаға төлқұжат пен техниканы жалға алу туралы келісімшарттарды да ұсынбаған.

*Сурет ашық дереккөздерден алынған

Төрағасының блогы