Шымкентте «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы 18 заманауи білім ошағы салынады.

12 нысанның құрылысы биыл басталып, 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 6 мектеп 2025 жыл аяқталғанша тапсырылады.

Сенбі күні Шымкентке жұмыс сапарымен барған Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов пен ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша департамент директоры Ербол Ахметов қалалық әкімдік өкілдерімен бірге жайлы мектептер салынатын учаскелерге барды.

Ұлағат шағын ауданында ұлттық жоба аясында 1200 орындық орта білім беру нысаны салынады. Мердігер компания «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС алаңды құрылыс жұмыстарына дайындап жатыр. Алайда, аумақ өте тар болғандықтан, кірме жолдарды жобалау кезінде проблемалар туындауы мүмкін. Бұған дейін Айманбетов жайлы мектептерге кіреберіс жолдарды барынша кең етіп жобалауды тапсырған болатын. Бұл балалардың қауіпсіздігі мен жайлылықты қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков қала әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылыс алаңына іргелес жатқан жер учаскелері қосылатынын айтты. Бұл мектепке кіреберісті төрт жақтан да қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, SK Construction басшысы Тұран-2 және Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарында салынатын әрқайсысы 1200 орындық мектептердің құрылыс алаңдарын аралап, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Тұран-2 шағын ауданындағы учаскеде болашақ оқу орнының басты кіреберісі жағынан жол салу қажет, ал Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы жер учаскесін тегістеу керек. Басқарма Төрағасы жауапты тұлғалар мен мердігерлік ұйымдардың өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.

 

Төрағасының блогы