«Samruk-Kazyna Construction» АҚ жалдау төлемдерінің мониторингі департаментінің бас менеджері Әміржан Жолтай команда құрамында жобалар байқауының жеңімпазы атанды.

2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоры жаңа жастар саясатын бекітті. Оған сәйкес болашағы зор жас және өршіл қызметкерлерге баса назар аударылады. Олар үшін «Жеті қадам» жас көшбасшыларды дамыту бағдарламасы әзірленіп, ендірілді.

Өткен жылдың қараша айында Түркістанда өткен жастар форумында Қордың компаниялар тобында қызмет ететін 200 жас маманның ішінен үздік 49-ы іріктеліп алынды. Олардың қатарында Әміржан Жолтай да бар.

«Бізді жеті командаға бөлді. Әр командаға президенттік жастар кадрлық резервіне кіретін екі тәжірибелі тәлімгерден бекітілді. Біз Қазақстанның 7 қаласында 7 оқыту модулінен өттік. Көшбасшылық, жеке тиімділік, жобаларды басқару, қаржылық менеджмент, қауіпсіздік мәдениеті және шешендік өнердің қыр-сырын меңгердік», - деді Әміржан Жолтай.

Әр командаға шығыны аз, ал тиімділігі жоғары жоба әзірлеу жүктелді. Кормпаниялар тобының жас мамандарынан құралған командалар жеті ай бойы жобаларын қорғауға дайындалды. Қазылар алқасына Директорлар кеңесінің мүшелері мен Қордың портфельдік компанияларының басшылары кірді. Әр жоба мынадай критерийлерге сәйкес келуі керек:

  • масштабтау мүмкіндігі;
  • экономикалық орындылығы;
  • ESG принциптерінің сақталуы;
  • Практикада қолдану мүмкіндігі.

«Біздің команданың жобасы «Кәсіпорындарда көмірсутек қалдықтарын азайту» деп аталады. Байқау қорытындысы бойынша 7 команда арасында біздің жоба үздік деп танылды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Жас мамандарға өздерін көрсетуге мүмкіндік беріліп жатқаны керемет!" - деп қуанышымен бөлісті Әміржан.

Жеңімпаздар өз жобаларын компаниялардың бірінде екі жыл ішінде жүзеге асыруы керек. Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында жасы 35-тен аспаған 80 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жас кадрлардың әлеуетін барынша пайдалану үшін оларға ерекше назар аударылады.

Төрағасының блогы