30 тамыз Конституция күнінде  Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов орынбасарлары және жобалау бөлімінің мамандарымен жұмыс кеңесін өткізді. Отырыс барысында жайлы мектептердің бас жоспарлары егжей-тегжейлі талқыланды.

Жиын барысында спорт алаңдарын орналастыру бөлігінде бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, биіктікке және ұзындыққа секіруге арналған жеке аймақтарды, спорттық ойындарға арналған әмбебап алаңқайларды орнату, спорттық снарядтар мен жабындарға арналған материалдарды таңдау мәселелері пысықталды.

Мәулен Айманбетов бұл сұрақты жалпы білім беретін мектептердің дене шынықтыру мұғалімдерімен жіті талқылауды, олардың пікірі мен ұсыныс-тілектерін ескеруді тапсырды. Төраға жобалаушыларға жайлы мектеп аумағының әр шаршы метрін ұтымды және ақылмен пайдалану керектігін тағы да еске салды.

Сондай-ақ сыныптардағы технологиялық жабдықтар мен жиһаздың саны әрі көлемінің Оқу-ағарту министрінің №70 бұйрығына сәйкестігі қаралды. Жиһаздың орналасуына және олардың эргономика талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылады.

Техникалық жабдықтау жобалары құрылысшыларға да, қарапайым тұрғындарға да түсінікті болу үшін технологиялық жабдықтау жоспарын сыныптар мен қабаттар бойынша бөлу әдістемесі әзірленді.

Төрағасының блогы