«Samruk-Kazyna Construction» басшысы Алматы облысының әкімімен кездесті
21 қыркүйекте Қонаев қаласында Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов пен өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады.
Әңгіме барысында жайлы мектептердің құрылысына бөлінген жер учаскелерін кеңейту мақсатында көршілес жатқан телімдерді мемлекет меншігіне алып, білім ошақтарының аумағына қосу мәселесі көтерілді. Пішіні тікбұрышты, ауданы кең жер теліміне спорт және ойын алаңдарын, шағын архитектуралық нысандарды еш қиындықсыз сыйғызуға мүмкіндік береді. Өйткені, жайлы мектептердің іші ғана емес, оларға іргелес аумақтар да жоғары стандарттарға сай болуы тиіс.
Сондай-ақ, кездесуде төрт жақтан еркін кіреберісті қамтамасыз ету үшін оқу орындарына кірме жолдар мен инженерлік желілерді уақтылы жобалау және салу мәселесі талқыланды.
«Облыс әкімі мен оның аппараты тарапынан түсіністік бар. Біз балаларымыздың заманауи, жайлы және, ең бастысы, сапалы салынған мектептерде білім алуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Марат Елеусізұлы ұлттық жобаның бірінші кезеңін іске асыру барысында тап болған проблемалық мәселелерді шешуде қолдау көрсететінін айтты», – деді Мәулен Айманбетов Instagram желісіндегі жеке парақшасында.
Ұлттық жобадан басқа, Қонаев қаласында бой көтеріп жатқан «Sun City» жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру перспективасы талқыланды. «Samruk-Kazyna Construction» өзінің инвестициялық саясаты шеңберінде бұл кешеннің құрылысына қаржы құйған еді. Мәулен Айманбетов өңір басшысына жобаның іске асырылу барысы туралы баяндады. Келесі айда 360 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Қонаев Алматы облысының жаңа орталығы болғандықтан, қала халқы қарқынды өсіп келеді. Сондықтан, аталған инвестициялық жоба азаматтарды сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.
Жұмыс сапары аясында Басқарма Төрағасы Алматы облысының құрылыс басқармасында отырыс өткізді. Жиынға өңірлік жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы басқармаларының өкілдері де қатысты. Проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Тараптар бірлескен міндеттерді белгіледі.
Ұлттық жоба аясында үш жыл ішінде Алматы облысында барлығы 53 жайлы мектеп салынады. «Samruk-Kazyna Construction» ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша бірыңғай дирекциясы ретінде 2023-2024 жылдары 25 мектептің құрылысын бастайды, ал 2024-2025 жылдар аралығыда тағы 28 жайлы мектеп салу көзделген.
Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма Төрағасы апта басынан бері өңірлерде жұмыс сапарымен жүр. Алматы облысының әкімімен кездесуден кейін Мәулен Айманбетов Жамбыл облысына жол тартты. Ертең өңір басшысы Ербол Қарашөкеевпен кездесу жоспарланған.