«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылысы кешігіп жатқан нысандарға қатысты шара қолдану мақсатында Samruk-Kazyna Constraction қабырғасында жиын өткізілді. Кешігіп жатқан құрылыс қарқынын тездету үшін әр нысан басына жауапты инструкторлар тағайындалды.

Ұлттық жоба аясында салынып жатқан 369 мектептің арасынан үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет 98 мектептің 15-і, 31 желтоқсанына дейін тапсыру қажет 110 мектептің 31-і түрлі себептерге байланысты құрылыс кестесінен кешігіп келеді. Аталмыш мектептер Алматы, Астана қалалары мен Абай, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тұрғызылып жатыр. Жиында көтерілген басты мәселе – кестеден қалып келетін мектептер құрылысын жылдамдату және нысанды уақытында тапсыру.

Құрылыс қарқынын жылдамдатып, жұмыс кестесіне қуып жету мақсатында 37 нысанның әрбіріне жауапты инструктор тағайындалып, қалған тоғыз мектеп құрылысының жауапкершілігі сәйкес білікті мамандар табылғанша өңір басшыларына уақытша жүктелді. Бұл жерде құрылыс саласындағы біліктілігі жоғары мамандардың тапшы екендігі көрінеді. Мамандардың басты мақсаты – консорциум басшыларына құрылысты уақытылы аяқтауға көмектесу.

Жаңа тағайындалған инструкторларға арнайы жасап шығарылған нұсқаулық таныстырылды. Оған сәйкес инструкторлар құрылыс басында туындап жатқан барлық мәселелерді ешбір қағазбастылыққа жол бермей жедел шешіп отыруы қажет. Бұл мақсатта Samruk-Kazyna Constraction Басқарма төрағасы, оның орынбасарлары, құрылыс және қаржы мәселелерімен айналысатын департамент директорларын қосқан чат ашылып, жұмыстың тез, бірігіп істелуіне жол ашылды. Құрылыс барысында жергілікті әкімшіліктермен, мемлекеттік құзырлық органдармен, республикалық сараптама ұйымымен, мердігерлермен және тағы сол сияқты мекемелермен қиындықтар туындаса, мәселенің шешілуін Басқарма төрағасы тікелей өз бақылауына алатынын айтты.

Нұсқаулыққа сәйкес мамандарға жұмыс қарқынын 2-3 аптаның ішінде қуып жету тапсырылды. Яғни, олар жұмыс қарқынын күнделікті, апталық және айлық кесте құру арқылы бақылап, әр күні біткен жұмыс нәтижесін баяндап отырады.

Мамандарға тез арада құрылыс нысандарындағы әр блоктағы жұмысты лек-легімен параллель жүргізілетіндей етіп ұйымдастыру тапсырылды. Сол себепті жұмысшы саны 2-3 ауысымдық кезекке жететіндей көбейтілмек. Түнгі кезектегі жұмыстың техникалық қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуі үшін биік бағандарға шам орнатылып, құрылыс алаңындағы еңбек қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Құрылыстың ыңғайлы болуы, оның ішінде, тамақтану, жуыну орындарының, сәйкес киім-кешектің болуы қадағаланады. Ең бастысы жұмысшылар жалақысын уақытылы толықтай төленіп отыруы қатаң тапсырылды.

Сонымен қатар, құрылыс материалдарының, техниканың, өндірістік құрылғылардың кемінде бір апталық, дұрысы, бір айлық қоры қамтамасыз етілмек. Құрылыс нысандарында әр қала немесе аймақтың экологиялық-тазалық талаптарының сақталып, нысанға кіріп-шыққан құрылыс техникасының тазалығы, құрылыс қоқысының талапқа сай утилизациялануы инструкторлардың  бақылауында болмақ.

Инструкторлар ЖСҚ сараптамадан әлі шықпаған болса, жобалаушылармен жұмысты пысықтап, жоба дайын болғанда құжаттарды Bitrix жүйесімен біріктірілген e-qurylys платформасына уақытылы жүктеу мәселесін тексереді. Егер жобалық шешімдерді талап ететін сұрақтар туындаса, оларды авторлық қадағалау өкілдерімен бірлесе отырып шешеді.

«Құрылыс кезінде туындап жатқан қандай да бір өзекті мәселені ешбір қағазбастылыққа жол бермей, немқұрайлы қарым-қатынасты болдырмай, бізбен, яғни орталық аппаратпен тікелей үздіксіз байланыста отырып,  ақылдасып шешіп отырамыз. Менен бастап орынбасарларымды қоса алғанда нысан басына шығып, қолдан тікелей басқару режиміне өтеміз. Сіздер – нысан басындағы мекеме мен орталық аппарат арасындағы тез арадағы үздіксіз байланысты жасайтын мамансыздар. Өз кезегінде орталық аппарат сіздерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесінде ғана біз көздеген мақсатқа уақытында жетеміз»,- деп Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жиналысты қорытындылады.

Төрағасының блогы