Шымкенттегі жайлы мектеп құрылысының барысы мен сапасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты оң бағасын берді
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 18 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл бір кезекте 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Білім ошақтарының 12-сін биыл, қалған алтауын келесі жылы халық игілігіне беру жоспарланған.
Бой көтеріп жатқан заманауи мектептердің құрылыс барысы мен сапасы – қатаң бақылауда. Тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, техникалық және авторлық қадағалау, құзырлы органдардан бөлек, қоғамдық бақылау да жүргізілуде. Бүгін, 9 шілде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков бастаған бір топ халық қалаулысы «Жаңа Тұрлан» шағын ауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысын бағамдап қайтты.
1200 оқушы орнына арналған білім ошағының құрылысына «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС жауапты. Бүгінде мердігер нысанның қаңқасын тұрғызып, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстарына көшкен. Одан басқа, ішкі әрлеу және мектеп аумағын абаттандыру бойынша шаруа қолға алынған. Серіктестік учаскедегі жұмыс қолын 200 адамға дейін арттырып, қарқынға қарқын қосуға ниетті. Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысына депутаттар өздерінің оң бағасын берді.
«Біздің Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласы бойынша жол картасы бар. Оның 34 тармағына сәйкес бюджеттік қаражатқа құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасын бақылауға алдық. Бүгін 1200 орындық жайлы мектепке келдік. Жұмыстар жақсы жүріп жатыр. Мектептің құны 7 млрд теңгеге жуықтайды. Оның ішіне жобалау, құрылыс, толық жабдықтау да кіреді екен. Оған қоса қауіпсіздің шаралары да қарастырылған: бейнебақылау камералары, есікті автоматты түрде құлыптау жүйесі. Спорттық алаңдардың да түр-түрі орналаспақ»,- деп атап өтті Данабек Исабеков.
«Жаңа Тұрлан» ықшам ауданы үшін мектеп мәселесі өте өзекті. Елді мекенде 600-ден астам отбасы түтін түтетіп отыр. Ал, ең жақын білім ошағы 3 шақырымнан астам жерде орналасқан. Сондықтан, оқу ұясының ашылуын жергілікті тұрғындар тағатсыздана күтуде.
«Шымкент қаласы 2018 жылы облыс құрамынан бөлініп шыққанда, құрамына 42 елді мекен қосылды. Оның 13-інде бүгінде балаларға арналған мектеп жоқ. Түйткілді мәселе 9 шағын аудан тұрғындары үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін толық шешімін таппақ. Жалпы мегаполисте үшауысымды оқу ұялары болмағанымен, 6 мектептегі оқушы саны өз қуаттылығынан едәуір асып кеткен. Бұл сұрақ та пилоттық жоба жүзеге асырылғанда біржақты етіледі»,- деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан 9 мектепті қыркүйектің 1-іне дейін қолданысқа тапсыру көзделген. Қалған білім ұялары ағымдағы жылдың соңына дейін есігін айқара ашады.