Жайлы мектептерді қабылдауға дайындық басталды
Тамыздың 2-10 аралығында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жұмыс сапарымен Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында болды. Іссапар кезінде ол білім ошақтарының құрылыс барысымен танысып қана қоймай, ғимараттарды қабылдау мәселелері бойынша әрбір облыс әкімдігінде жиналыс өткізді.
Жергілікті атқарушы органдар дайын жайлы мектептерді өз балансына қабылдауы үшін әрбір облыс әкімдігі арнайы жұмыс тобын құрып, жұмыстардың сапасы мен нормативтерге сай екенін қазірден бастап тексеруі тиіс. Ол жұмыс тобының құрамына төменде көрсетілген өңірлік атқарушы органдардың мамандары кіруі керек:
- білім басқармасы;
- құрылыс басқармасы;
- санитарлық-эпидемилогиялық бақылау департаменті;
- төтенше жағдайлар департаменті;
- мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы;
- жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы;
- әділет басқармасы;
- қаржы басқармасы.
Мәулен Айманбетовтың сөзінше, арнайы жұмыс тобы қазірден бастап мектептерді тексеріп, кемшіліктерді анықтап, түзетуге ұсыныс беруі тиіс. Сонда мектептер сапалы, барлық нормативтерге сай болады әрі оларды балансқа қабылдау мерзімі біршама қысқарып, уақыт үнемделеді.
«Ертерек қамдансақ, барлық кемшіліктерді тез әрі уақытылы түзетуге болады. Сол себепті, қазірден бастап арнайы жұмыс тобын құрып, іске кірісуді өтінемін. Бұл жұмыс тобы консультативтік функция атқаратын болады. Ол үшін әр облыста мердігерлер жергілікті санитарлық-экпидемиологиялық бақылау, төтенше жағдайлар департаменттері және басқа да органдармен өзара меморандумға отыруы шарт. Іссапармен барған әр өңірде әкімдік өкілдерімен жиналыс өткізіп, осы мәселені көтеріп жатырмын», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы.