Бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Елді мекенде көптен күткен жаңа мектептің есігі айқара ашылды.

№7 орта мектебі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылды. Сыйымдылығы бір кезекте 600 оқушыға арналған. Бүгінде білім ошағына 525 оқушы қабылданған. Бұл процесс әлі жалғасуда. Оқушылар осыған дейін жүктемесі едәуір асып кеткен жақын маңдағы өзге мектептерде білім алған екен.

Оқу ошағының ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындары мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.

«Сіздерді 1 қыркүйек — Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Білім – шамшырақ. Ол ғылым мен ілімнің бастау көзі. Болашағын ойлаған кез-келген ел алдымен білім беру ісіне айрықша мән берген. Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді, тәрбиелі, мәдениетті болуына жағдай жасау Президентіміздің басты назарында. Міне, бүгін болашағымыз - балаларымыздың игілігіне жаңа жайлы мектептің ашылуына куә болып отырмыз.

Білім алуға бүкіл жағдай жасалған оқу ордасы, ауыл балаларының игілігіне қызмет атқаратын болады»,- деп атап өтті аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев.

Білім ұясы ең озық технологиялармен жабдықталған. Мектепте балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұған облыс әкімі мен ауыл тұрғындары да көздерін жеткізді. Ашылу салтанынан кейін халық оқу ұясын аралап, өздерінің жоғары бағаларын белді. Стем-зертхана, робототехника, заманауи технология кабинеттері және фото-видео студиямен жабдықталған мектепке оқушылар келуге асық.

Атап өту қажет, жайлы мектептердің техникалық жабдықталуына 4 есе көп қаражат бағытталған. Қарапайым мектептерді жарақтауға нысан құнының 5 пайызын бөлсе, жаңа форматтағы мектептерге 20 пайызы арналған. Бұл - оқушылардың бәсекеге қабілетті ортада өсіп, білімі мен біліктілігін арттыру үшін үлкен мүмкіндік.

Бүгінде Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Бұл өңірдегі оқушы тапшылығы мәселесін шешуге сеп болады.

Төрағасының блогы