Алматы қаласында алғашқы жайлы мектеп есігін айқара ашты
Бүгін, Білім күнінде, Алматыда 29 мыңнан астам бүлдіршін үшін тұңғыш рет алғашқы қоңырау соғылды. Соның ішінде Әуезов ауданында бой көтерген жайлы мектептің оқушылары да бар. Ұлттық жоба аясында салынған білім ошағы бір кезекте 600 оқушыны қабылдауға қауқарлы.
Нысан осыған дейін апаттың деп танылған №97 мектептің орнында бой көтерді. Сыйымдылығы жағынан кішірек әрі тым ескі білім ошағы өткен жылы сүрілген болатын. Оқушылар уақытша аудандағы өзге мектептерге барып, оқуға мәжбүр болды. Бүгінде бұл мәселе шешіліп, ұл-қыздар заманауи форматтағы оқу ұясына қадам басуда.
Жайлы мектептің ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Саттаров қатысты. Білім ошағының аумағы қарапайым мектептермен салыстырғанда 20 пайызға кең. Бұл инклюзия, сенсорика сыныптарын жарақтап, логопед, әлеуметтік педагог пен психологтың кабинеттерін бөлек әрі жайлы етіп ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бүлдіршіндер, орта және жоғары буын оқушылары мен ұстаздар қауымы үшін жеке дара коворкингтер қарастырылған. Осылайша мектептегі әр шаршы метр жер тиімді және пайдалы қолданылған. Бастысы – балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында робототехника кабинеті, сабақтарда алған білімін бекітуге стем-зертхана жарақтандырылды. Ал, мектеп ауласында республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін стадион, әмбебап спорттық алаңдар мен балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше ойын алаңқайлары орналасқан.
Қазіргі таңда Алматы қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша тағы 21 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 12 білім ошағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы аясында салынуда. Оқу ұялары ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа тапсырылып, мегаполисте өткір тұрған оқушы орындарының тапшылығы мәселесін біржақты етеді.