Астана маңындағы Талапкер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасый бойынша бой көтерген су жаңа мектеп-гимназия мен IT-лицей оқушыларға есіктерін айқара ашты. Жаңа оқу жылында 100-ден астам педагог 1800-ге жуық оқушыға сапалы білім бермек.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ жетекшілігімен салынған білім ошақтарының әрқайсысы 3 қабатты. Кабинеттердің барлығы заманауи жиһаз және қондырғылар жабдықталған. Сапалы білім беру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Интерактивті тақталары бар пәндік кабинеттерден бөлек, шеберханалар мен зертханалар да бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мектеп-гимназиясының оқушыларын Білім күнімен құттықтады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» жобасы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешеді, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы жағдай жасайды және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтады. Өскелең ұрпақтың үйлесімді және бақытты балалық шағы - біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деді Ақмола облысының әкімі.

Мектептердің салтанатты ашылу шарасына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов те қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында Ақмола өңірінде 3 мектеп ел игілігіне берілсе, оның 2-уі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

* Әкімдіктің баспасөз қызметінің фотосуреттері

Төрағасының блогы