Алматы облысында жаңа жайлы мектеп есігін айқара ашты
Білім ордасының ресми ашылу салтанатына ҚР Білім және жоғарғы ғылым министрі Саясат Нұрбек пен облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев қатысты.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынған 1200 балаға арналған мектеп Алматы облысы Қошмамбет ауылында бой көтерді. Бүгін білім үйінің табалдырығын балалар алғаш рет аттады.
Жаңа заманауи жайлы мектепте балалар үшін функционалды және қауіпсіз білім беру ортасы құрылған. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, хореографиялық зал, 4 спорт залы, коворкинг пен демалыс аймақтары, ойын және спорт алаңқайлары және басқа да игіліктер жасақталған. Қауіпсіздік шараларына баса назар аударылып, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған.
“Елімізде білім мен ғылымды дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Мемлекет Басшысының тапсырмалары аясында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарттары қабылданды, педагогикалық білімді модернизациялаудың Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл өзгерістердің барлығы болашақ ұрпаққа сапалы білім беру және олардың зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында жасалып отыр”, - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, министр білім беру саласындағы мамандарға деген сұраныстың артуына байланысты педагогикалық бағыттағы мемелекеттік грант саны да ұлғайтылып, 2029 жылға дейін 111 мыңнан астам педагогтарды даярлау жоспарланып отырғандығын атап өтті.
“Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында жайлы білім алу ортасын жасайтын заманауи білім беру мекемелерін ашуды жалғастырамыз. Бүгінде 3 жаңа мектеп ашудамыз. Бұл - аймақтағы білім беру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана”, - деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Білім және ғылым министрі оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, “әрбір сабақты ынтамен игеріп, еліміздің болашағына өз үлестерін қосуға шақырды”.
Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылады.
* Әкімдіктің баспасөз қызметінің фотосуреттері