Балалар игілігі үшін: елімізде алғашқы жайлы мектептер қолданысқа тапсырылды
2022 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім саласындағы оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқыту және апатты мектеп ғимараттары мәселелерін шешу үшін «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын жүзеге асыруды жүктеген еді.
Заманауи мектептердің құрылысына жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жетекшілігімен алғашқы білім ошақтары 1 қыркүйек – білім күнінде ашылып, халық игілігіне тапсырылды.
Бір ғана Астана қаласының өзінде ұлттық жоба аясында салынған 9 жаңа заманауи жайлы мектеп есігін айқара ашты. Оқу орындарының ашылуына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Сондай,-ақ Ақмола, Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында да ұлттық жоба бойынша салынған оқу орындарында алғашқы қоңырау сыңғырлады. Салтанатты іс-шараларға өңір басшылары мен басқа да саяси тұлғалар белсене қатысты.
Жайлы мектептер несімен ерек?
Ұлттық жоба бойынша салынған мектептердің сыйымдылығы бойынша 7 түрі бар: 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орынға арналған.
Біріншіден, жайлы мектептердің ауданы қарапайым типтік мектептерден 15-20% үлкен, ал техникалық жарақтандыру үлесі 4 есе артық.
Екіншіден, спорт залдардың саны артық. Мәселен, 300 орындық мектептерде 1 үлкен спортзал, 600 орындық мектептерде 1 үлкен және 1 кіші спортзал бар. 900 және 1200 орындық жайлы мектептерде 1 үлкен және 2 кішкентай спортзалдан қарастырылған. 1500 орындық нысандарда 1 үлкен және 3 кішкентай зал болса, 2000-2500 орындық мектептерлде 2 үлкен және 2 кіші спортзалдан бар.
Үшіншіден, ерекше балаларға арналған кедергісіз орта жасалып, пандустар, лифттер, арнайы дәретхана бөлмелері және инклюзивті білім беру кабинеттері жасақталды.
Төртіншіден, әр қабатқа ауыз су бұрқағы қойылып, әр оқушыға жеке заттарын сақтайтын шкаф қарастырылған.
Бесіншіден, барлық жайлы мектептер біркелкі етіп салынған. Қаладағы және ауылдағы оқу ошақтары бір-бірінен сыртқы жағынан да, ішкі жабдықталуы бойынша да ерекшеленбейді.
Алтыншыдан, білім ошақтары озық STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталған.
Жетіншіден, мектептер ең заманауи бейнебақылау, кіріп-шығуды бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Ғимараттар өрт қауіпсіздігі, санитарлық және басқа да талаптарға толық сай келеді.
Пайдалануға берілгеннен кейін барлық жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына өткізілді. Жаңа білім беру нысандарының бәрі мемлекеттік мектеп болады және оларда оқыту тегін жүргізілмек.