Бүгін Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Ақмол ауылында заманауи технологиямен жабдықталған 1200 оқушыға арналған «Ақмол ауылы мектеп-гимназиясы» қолданысқа берілді. Бұл облыстағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылған төртінші білім ордасы болды. Мұның алдында Талапкер мен Қараөткелде үш мектеп ашылған болатын.

Жаңа заманауи мектептің ашылу салтанатына ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Марат Ахметжанов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев пен Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Жаңа заманауи жайлы мектепте балалар үшін функционалды және қауіпсіз білім беру ортасы құрылған. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, хореографиялық зал, төрт спорт залы, коворкинг пен демалыс аймақтары, ойын және спорт алаңқайлары және басқа да игіліктер жасақталған. Қауіпсіздік шараларына баса назар аударылып, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған.

Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылады.

Төрағасының блогы