Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алғашқы білім ошақтары халық игілігіне тапсырылды
Республика күні қарсаңында мегаполистің «Нұршуақ» ықшам ауданында 2000 орынға арналған жайлы мектептің таспасы қиылды. Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Оқу орнының ашылуын жергілікті тұрғындар асыға күтті. Қаланың бұл бөлігінде білім ошағы сұрағы өткір тұр. Балалар бүгінге дейін жарты сағаттық жерге барып оқуға мәжбүр болған. Түйткілді мәселе Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біржақты етілді. Екінші тоқсаннан бастап, ұл-қыздар су жаңа әрі заманауи оқу ұясына аяқ басады.
Білім ошағының әр текше метрі тиімді пайдаланылған. Мұнда 4 спортзал, акт залы мен асхананы есепке алмағанның өзінде 100-ге жуық оқу кабинеті қарастырылған. Одан бөлек мектептің әр блогында ұл-қыздардың жас ерекшелігіне байланысты коворкинг аймақтар ұйымдастырылды.